Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

«ATYRAU AI FORUM 2026»: Табыс табудың жаңа жолы қалыптасты

Облыста цифрлық сауат пен заманауи технологияларға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған маңызды бастамалар жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Осы тұста Атырауда Aqyl Tech және IT Aiel жобалары аясында қыз-келіншектер мен жастардың цифрлық дағдыларын жетілдіруге арналған шара өтті.

37ea81d2 0034 436e 9a58 d821d1d1c5b8

Таңертең Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өткен ауқымды форум технология, жасанды интеллект және цифрлық экономика саласында табыс табуға ұмтылған қатысушылардың басын қосты. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» демекші, білім мен біліктің заманына қадам басқан бүгінгі қоғам үшін мұндай басқосулардың мәні ерекше.
Жиында университет ректоры Саламат Идрисов құттықтау сөз сөйлеп, жастардың технология мен білімге деген қызығушылығын арттыру уақыт талабы екенін атап өтті. Ректор «Цифрлық Қазақстан және жасанды интеллект: кадр даярлау мен зерттеудің жаңа парадигмасы» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар AI-Sana бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, мыңнан астам студенттің халықаралық білім беру платформаларында білім алып жатқанын жеткізді.
Ал «TechnoWomen» КЕҰ басқарма мүшесі Әлия Оразымбетова бұл шараны ұйымдастыруға «TechnoWomen» коммерциялық емес ұйымы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Astana Hub» халықаралық технопаркі, Atyrau IT Hub ұйытқы болғанын атап өтті.

–Иә, Aqyl Tech және IT Aiel жобалары бүгінгі цифрлық дәуірде «өз орнымды табамын» деген қыз-келіншектер мен жастар үшін мүмкіндік алаңы. Біз тек білім беруді ғана мақсат етпейміз, ең бастысы сол білімді табыс көзіне айналдыра алатын, өз идеясын іске асыра білетін тұлға қалыптастыруға мүдделіміз. Жасанды интеллект пен жаңа технологиялар болашақтың құралы. Демек, оны меңгерген адам бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан біз ниеті бар адамдарды қорықпай, осы салаға қадам жасауға шақырамыз. Өйткені, сіздің жаңа дағдыңыз мүмкіндік ашады, ал әр мүмкіндік жаңа табыс көзіне айналатыны белгілі, — деді форумда Әлия Мұхтарханқызы.

6c04b466 f528 41df baea 00ddaf71e99b

Өңірдегі IT экожүйенің дамуы да назардан тыс қалмады. Atyrau IT Hub директоры Равиль Қаржауов стартап-жобаларды қолдау тетіктері жөнінде айтып, жас кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер жолын көрсетті. Ал тәжірибелік бөлімде бизнес-тренер Бибігүл Шайхиева жасанды интеллектіні тиімді пайдалану мен табыс көздерін қалыптастыру жолдарын түсіндірсе, AI Pro School негізін қалаушы Надира Батырбаева креатив индустрия мен AI мүмкіндіктерін ұштастыру тәжірибесімен бөлісті. Қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, саладағы даму бағыттарын талқылады.
Түстен кейін игі шара Atyrau IT Hub кеңсесінде өткен бейресми форматтағы IT-шәй басқосуында жалғасты. Нәзік жандармен еркін пікір алмасуға құрылған бұл алаңда Равиль Қаржауов, Әлия Оразымбетова, Бибігүл Шайхиева және Надира Батырбаева жаңа технологиялар жөнінде кеңінен әңгімелеп, тәжірибелерімен бөлісті.

32e7aba3 d353 4508 b8b6 6d575712fc06

Осы басқосуда Атырау облысы әкімі жанындағы отбасы, әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі комиссия инспекторы Зәмзагүл Жалмурзина бүгінгі қоғамда әйелдердің рөлі тек отбасымен шектелмейтініне назар аударды.

–Олар экономиканың, білім мен технологияның белсенді қатысушысына айналуы тиіс. Өңірдің қыз-келіншектері заман талабына сай білім алып, цифрлық сауатын арттырса, бұл тұтас қоғамның дамуына әсер етеді. Біз олардың әр бастамасын қолдауға дайынбыз. Себебі саналы, білімді, технологияны меңгерген әйел отбасының да, қоғамның да тірегі. Сондықтан мұндай жобалар арқылы олардың қабілеті шыңдалады, жаңа мүмкіндіктер ашылады, — деген Зәмзагүл Хиданқызы мазмұнды ойымен бөлісті.

Сондай-ақ «TechnoWomen» коммерциялық емес ұйымының Атырау өңіріндегі ресми өкілі болып ICU халықаралық коучинг академиясының Атырау филиалының басшысы, педагогика ғылымдарының магистрі Данагүл Жайлаубаева тағайындалды. Бұл аймақтағы әйелдердің цифрлық және кәсіби дамуына тың серпін беретін маңызды қадам екені анық.
Қорыта айтқанда, «ATYRAU AI FORUM 2026» форумы мен оған сабақтас өткен воркшоптар цифрлық экономикаға қадам басуға серпін берген тағылымды алаңға айналды.

Майра ЕРҒАЛИ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT