Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

«Арба – үкім емес»: Атырауда тиімді оңалту лагері өтті

20–25 мамыр аралығында Атырауда «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының «Мүгедектігі бар адамдарды тиімді оңалту» жобасы аясында, Теңізшевройл компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы шеңберінде «Тиімді оңалту лагері» кезекті маусымы өтті.

Бес күн бойы жұлын жарақаты салдарынан қозғалу қабілеті шектелген он қатысушы арбада дербес әрі белсенді өмір сүру дағдыларын үйренді. Сабақтарды арбаны қолданатын бес нұсқаушы жүргізді, оларға алты ерікті көмек көрсетті.

Бағдарламаға арбада қозғалу техникасы, жалпы дене дайындығы, жүзу, садақ ату, аэробика жаттығулары, сондай-ақ жеке гигиена, асқынулардың алдын алу, урологиялық денсаулық, отбасы құру және психологиялық қолдау тақырыптарындағы дәрістер енгізілді.

Аталған лагерь алтыншы жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Осы уақыт ішінде жобаға 73 адам қатысты. Соңғы жылдары Атырау облысының шалғай аудандарынан келетін қатысушылар саны артып отыр. Жобаның ерекшелігі – барлық нұсқаушылардың өздері де арба қолданатын мүгедектігі бар адамдар екендігінде. Олар екі жыл бойы Беларусь Республикасынан келген кәсіби реабилитологтардың жетекшілігімен оқудан өтіп, халықаралық деңгейдегі нұсқаушы-реабилитолог сертификатын алған. Сондай-ақ шетелдік мамандармен бірлесіп қазақ және орыс тілдерінде әдістемелік құрал әзірленген.

Жоба менеджері Мерей Ануарбековтің айтуынша, бағдарлама қатысушылардың өмір сапасына тікелей әсер ететін нақты нәтижелер беріп отыр.

Оның айтуынша, көптеген түлектер спорт пен қоғамдық өмірге белсене араласа бастаған: республикалық жарыстардың жүлдегерлері атанып, жүзу, бочча спортымен айналысып, марафондарға қатысып жүр. Өткен жылғы түлектердің қатарында Айнеля Бекназарова паражүзуден Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанса, Гүлзира Мұратқызы бочча спортынан ел чемпионы атанған.

Жоба кешенді сипатқа ие. Лагерьден бөлек, арбада өз-өзіне қызмет көрсету, ойылудың алдын алу және қозғалу дағдылары бойынша семинарлар, сондай-ақ салауатты өмір салтына арналған сабақтар өткізіледі.

Сонымен қатар қысқа мерзімді кәсіби оқыту бағдарламасы жүзеге асырылып, оған 30-дан астам адам қатысты. Қатысушылар кондитерлік іс, массаж, SMM, таргеттелген жарнама және басқа да заманауи мамандықтарды меңгеруде.

Қатысушылар мен олардың отбасылары үшін бочча турнирлері, «Квиз» интеллектуалдық ойындары, психологиялық тренингтер, сондай-ақ өңірдің мемлекеттік органдары мен медициналық мекемелеріне арналған оқыту семинарлары ұйымдастырылады. Сондай-ақ жалпы дене дайындығы мен жүзу сабақтары тұрақты түрде өткізіліп, оған 40-тан астам адам қатысады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT