Қазақстанда байланыс саласын реттеуге бағытталған жаңа заң жобалары аясында SIM-карталарды тіркеу тәртібі күшейтіледі.
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтты.Депутаттың сөзінше, енді абоненттерді тіркеу кезінде биометриялық сәйкестендіру енгізіледі. Негізгі мақсат – телефон алаяқтығы мен заңсыз SIM-карта айналымын азайту.
– Қазір voice phishing, яғни телефон арқылы жасалатын алаяқтық көбейіп кетті. Бұрын шетелдік нөмірлер қолданылса, енді қазақстандық қарапайым нөмірлер арқылы хабарласу көбейді. Сондықтан әр SIM-карта нақты адамға байланып, биометрия арқылы тіркелуі керек, – деді депутат.
Жаңа тәртіп бойынша жеке тұлға атына тіркелетін SIM-карта санына шектеу қойылады. Ал мекемелер 10 SIM-картадан артық алса, олардың кімге және қандай құрылғыға пайдаланылатынын көрсетуге міндетті болады.
Сондай-ақ телефон верификациясы енді шетелдік компания емес, мемлекеттік жүйе арқылы жүргізіледі. Бұған қоса, бір адамға жылына екі телефонды салықсыз алып кіруге рұқсат беру мәселесі қарастырылып жатыр.
Депутаттың айтуынша, бұл өзгерістер «сұр нарықтағы» телефондардың заңсыз айналымын азайтып, цифрлық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған.


