Атырау облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Оңал Бекеев қызметте үздік нәтижелерге қол жеткізген бірқатар полицейлерді марапаттады.
Салтанатты шара барысында Тайланд Корольдігінің Бангкок қаласында өткен кикбоксингтен Әлем кубогінде І орын иеленген полиция капитаны Гүлбану Саматованы жеңісімен құттықтады. Бұл жетістік ел намысын абыроймен қорғап, Қазақстан полициясының оң имиджін халықаралық деңгейде танытуға қосылған маңызды үлес ретінде атап өтілді.
Сонымен қатар, жол үстінде есінен танып қалған жүк көлігінің жүргізушісіне дер кезінде көмек көрсетіп, ықтимал қайғылы жағдайдың алдын алған полиция майоры Нұрболат Ыстыбаев пен полиция капитаны Асылжан Мұстафин департамент бастығының грамотасымен марапатталды. Олардың жедел әрі кәсіби әрекеті адам өмірі мен қауіпсіздігін қорғаудағы жоғары жауапкершіліктің нақты көрінісі болды.

Шара барысында Оңал Бекеев жеке құрамның еңбегін ерекше атап өтіп.
–Қызметте қол жеткізген әрбір жетістік барлық тәртіп сақшыларының абыройы. Ел қауіпсіздігі жолындағы адал еңбек әрдайым бағаланады. Осындай қызметкерлерден жас буын үлгі алады, — деді департамент бастығы.

Департамент бастығы Оңал Бекеев қызметтік міндеттерін адал атқарып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен полиция беделін арттыруға үлес қосқан қызметкерлердің еңбегін ерекше атап өтті. Мұндай жетістіктер жеке құрамға үлгі болып қана қоймай, халықтың полицияға деген сенімін нығайта түсетіні айтылды.
Майра ЕРҒАЛИ


