Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайында түрлі рейстермен келген жолаушыларды ән-жырмен, бауырсақпен және Көрісу күніне тән қол алысу дәстүрімен қарсы алды. Осылайша өңірде Наурызнама мерекелік онкүндігі ресми түрде бастау алды.
Жылы әрі ұлттық нақыштағы қарсы алу рәсімі Наурыз мейрамы мен қазақ халқының салт-дәстүрлеріне арналған бірқатар мәдени іс-шаралардың символдық бастамасына айналды. Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының басшысы Марсель Нсанбаевтың айтуынша, шараның басты мақсаты – қазақ халқының бай салт-дәстүрін насихаттап, Көрісу мерекесінің мән-маңызын кеңінен таныту.
— Наурыз мерекесі аясында және өңір көлемінде еліміздің батыс аймақтарында кеңінен тойланатын Көрісу мерекесін ерекше атап өтуді көздеп отырмыз. Бұл – қалаға келген қонақтарды, сондай-ақ шетелден келген меймандарды құрметпен қарсы алып, қазақ халқының дәстүрін таныстыруға бағытталған шара. Бүгін біз Наурызнама онкүндігі аясындағы іс-шараларды бастадық. Алдағы күндері мерекелік бағдарламалар жалғасады, — деді Марсель Жұмагерейұлы.
Жылы қарсы алу атмосферасы әуежайға келген жолаушыларды да бейжай қалдырмады. Олардың айтуынша, мұндай сәттер ұлттық мерекенің шынайы рухын айқын сезіндіреді.
— Қаламызда қонақтарды осындай әдемі әрі шынайы ықыласпен қарсы алып жатқанын көру өте қуантады. Бірден мерекелік көңіл күй сезіледі, қазақ халқының қонақжайлығы мен дәстүрге деген құрметі айқын байқалады, — деді Атырау қаласының тұрғыны, әуежайға келген жолаушылардың бірі. Алёна Солодовникова Фото: Ануар Әбілғазиев


