Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

РУХАНИ ӘЛЕМГЕ САЯХАТ

 Аудандық орталық кітапханада «Кітапхана түні» акциясы аясында «Кітапхана түні – рухани әлемге саяхат» тақырыбында әдеби квиз болып өтті. Оған кітапхана оқырмандары, мектеп оқушылары мен мұғалімдер қатысып, рухани мазмұны терең шараға куә болды.

Шарада алдымен сөз сөйлеген аудандық орталық кітапхана директоры Мағжан Жексенов:

– Кітап – білім мен тәрбие көзі, ұлттық құндылықтарды сақтаушы рухани қазына. Бүгінгі шараның негізгі мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, оқырмандарды рухани-танымдық деңгейін арттыру, кітапхана мен оқырман арасындағы байланысты нығайту. Бұл кеш кітапқа деген сүйіспеншілікті арттырып, оқырман мен кітапхана арасындағы рухани байланысты нығайта түсері анық, - деді.

 Бұдан кейін кеш қонақтарына туған өлкенің тарихы, мәдениеті мен табиғи ерекшеліктері жазылған жергілікті ақын-жазушылардың кітаптары қойылған «Тарихы терең, табиғаты көркем – құт мекен» атты өлкетану бағытындағы кітап көрмесі таныстырылды. Одан әрі «Рухани әлемге саяхат» әдеби квиз ойыны өтіп, оған «Жеті жарғы», «Жалын» және «Amanshin.kz» командалары қатысты. Қатысушылар «Білім бәйгесі», «Әдеби әлем» және «Сен білесің бе?» атты кезеңдерде сұрақтарға жауап беріп, ребустар шешіп, қазақ әдебиеті мен жалпы білім деңгейлері бойынша өзара бақ сынасты. Тапқырлық пен шапшаңдық сынға түскен сайыста Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының «Жеті жарғы» командасы І орынды жеңіп алса, Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектептің «Жалын» командасы ІІ орынды, Б.Аманшин атындағы орта мектебінің «Amanshin.kz» командасы ІІІ орынды иеленді. «Мен оқыған кітап» атты пікір алмасу алаңына қонақ ретінде кітапхананың тұрақты оқырмандары Гүлзира Мұхитқызы мен Алтын Досжанова шақырылды. Олар өздері оқыған кітаптардан үзінділер келтіріп, өз ойларымен бөлісті.

Жас оқырмандарды кітап оқуға шақырды. Олардың мазмұнды пікірлері көрермендерге ерекше әсер қалдырып, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыра түсті. Ал «Поэзия Party» атты еркін микрофон бөлімінде оқушылар қазақ ақындарының шығармаларынан үзінділер келтіріп, көркем сөз өнерінің құдіретін танытты. Сонымен қатар Өзбекәлі Жәнібековтің еңбектерінен үзінділер оқылып, ұлттық мұраға деген құрмет айқын көрініс тапты. Кеш барысында түрлі ойындар ұйымдастырылып, әсем әндер шырқалды. Кеш қонақтары орталық кітапхана директорының Алғыс хаты және естелік сыйлықтарымен марапатталды.

 Гүлмира МАҚСОТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT