21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Атырау қаласында мәдениет саласы мамандарына арналған салтанатты шара ұйымдастырылды. Өнер мен руханият иелерінің кәсіби мерекесі аясында өткен кеште сала қызметкерлерінің еңбегі еленіп, үздіктер марапатталды.
Атап айтқанда, сала ардагерлеріне «Еңбек ардагері» медалі табысталып, үздік мамандар «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, облыс әкімінің Алғыс хаттары салтанатты түрде тапсырылды.
Сондай-ақ, мереке қарсаңында Президенттің 2026 жылғы 20 мамырдағы Жарлығына сәйкес Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің дирижері Рахила Орынқызы Ералиева мемлекеттік наградамен марапатталып, облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы және мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы басшысының орынбасары Әбит Хамбалұлы Қайрекешовке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласып, Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрі мен әртістері өнер көрсетті.
Ал мерекелік шараның арнайы қонақтары – Қазақстанның Халық әртісі Айгүл Үлкенбаева мен танымал әнші ALEM өнер сүйер қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Айта кетейік, Атырау облысы бойынша халыққа мәдени қызмет көрсететін 243 мекемеде 3051 қызметкер бар. Оның ішінде 1565-і шығармашылық бағытта еңбек етеді.
Хұсни ХАМЗА


