Биыл Индербор кентінде көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын күшейтуге басымдық беріліп, жасыл желекті көбейту, тал егу және көшелерді абаттандыру бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылу үстінде.
Бұл турасында Индербор кенті әкімінің орынбасары Қайыржан Нұриев айтты. Оның айтуынша, көгалдандыру және жасыл желекті ұлғайту мақсатында кент аумағына ұзындығы 6-7 метрді құрайтын шаған, үйеңкі, терек сынды 700 дана тал отырғызуға қаражат бөлінген.
Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасына сай елді мекендерді жасыл желекпен көмкеру бастамасына жергілікті мекемелер де өз үлестерін қосуда. Айталық, биылғы көктемде «ТҰЗ» ЖШС демеушілігімен 1000 дана (Д.Қонаев, Махамбет көшелеріндегі жасыл желек аумақтарына) тал егілді. Қосымша суару желілері жүргізілмеген саябақтар мен жасыл желек аумақтарына суару желілері тартылып, сумен қамтамасыз етілді. Ал жасыл желектердің аумағын қоршау мақсатына да қаражат бөлініпті.
Қазіргі таңда былтырғы жылы Әбілхайырхан көшесінің жол бойына егілген талдар аумағы демеушілік есебінен қоршалса, алдағы уақытта «Болашақ» мөлтек ауданының трасса бойын қоршау жоспарланып отырған көрінеді. -Негізгі мақсат – Индерборды жасыл әрі жайлы ортаға айналдыру, жас көшеттердің өсіп-жетілуіне жағдай жасау,-дейді Қайыржан Өтепұлы.
С.Базарбаев



