Қазақтың дәстүрлі ән мектебі – ұлттың жады, тарихы, дүниетанымы. Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық өнерді сақтау мен дамыту да адами капитал ұғымының құрамдас бөлігіне айналуы тиіс. Себебі адам капиталы дегеніміз – тек техникалық білім емес, ол рухани тереңдік, мәдени код, тарихи сана. Өз тамырынан ажырамаған, өнерін, тілін, дәстүрін құрметтейтін ұрпақ қана заманауи білім мен инновацияны ұлттық мүддемен ұштастыра алады.
Қазір әлем «білім экономикасына» көшті. Технология қарыштап дамыған сайын, шығармашылық ойлау, креативтілік, ұлттық бірегейлік секілді қасиеттердің маңызы артып келеді. Музыка да, соның ішінде дәстүрлі ән де – зияткерлік әрі шығармашылық еңбек. Сондықтан зияткерлік меншік құқықтарының қорғалуы туралы ұстаным – өнер адамдары үшін де аса маңызды. Өнер туындысының қадірленуі, автор еңбегінің әділ бағалануы – шығармашылық еркіндіктің кепілі.
Конституциялық деңгейде адамға инвестиция салу идеясын бекіту – рухани жаңғыру туралы шешім. Ғылым дамыса жаңа технология туады, ал мәдениет дамыса ұлттың жаны сақталады. Осы екеуі қатар өркендегенде ғана мемлекет толыққанды, бәсекеге қабілетті елге айналады. Өнер мен ғылымды қарсы қоюға болмайды, керісінше, олар бір-бірін толықтырады.
Дәстүрлі әнші ретінде мен үшін ұлт сапасы сахнадағы кәсіби шеберлікпен ғана өлшенбейді. Ол – көрерменнің талғамында, жастардың ұлттық өнерге қызығушылығында, қоғамның мәдени деңгейінде көрінеді. Егер мемлекет білім мен ғылымға, сонымен қатар мәдениет пен өнерге жүйелі қолдау көрсетсе, онда болашақ ұрпақ тек заманауи технологияны меңгерген маман ғана емес, рухы биік, тарихи жадын сақтаған азамат болып қалыптасады.
Жаңа Конституция жобасындағы бұл бағыт – елдің ұзақ мерзімді дамуын көздеген, терең стратегиялық таңдау. Адамды негізгі құндылық әрі басты ресурс ретінде тану – кемел мемлекетке тән көзқарас. Осындай ұстаным арқылы біз тек экономикалық жетістікке ғана емес, рухани тұтастыққа да қол жеткіземіз деп сенемін.
Болатбек ҚҰБАШЕВ,
Н.Жантөрин атындағы облыстық филармониясының әртісі,
Халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы


