Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Атыраулықтар Астраханда үш Гран-при жеңіп алды

Атырау мен Батыс Қазақстан облысының жас өнерпаздары Астраханда өткен халықаралық мәдени форумда жоғары нәтиже көрсетті. Jas tolqyn шығармашылық байқауының жеңімпаздары Каспий өңірінің «Достық көпірі. Ресей – Қазақстан» халықаралық мәдени форумына қатысып, үш Гран-при, төрт бірінші және екі екінші орын иеленді.

Форум 25 қыркүйекте Астрахан опера және балет театрында өткен гала-концертпен қорытындыланды.

6q7a6607 resized

Гран-при жүлдесін атыраулық Нұрсұлтан Абылай вокал жанры бойынша, «Тұран» домбырашылар ансамблі аспаптық жанр бойынша және Орал қаласының «Алтын білезік» хореографиялық ансамблі иеленді.

Бірінші орынға атыраулық Санжар Асқаров (классикалық аспаптық жанр), Нәйля Бекқұл (әлеуметтік бейне), Махамбет ауданының Бейбарыс ауылынан барған Нұр Орынбай (дәстүрлі ән) және оралдық Райымбек Мақсот (вокал) шықты.

6q7a6590 resized

Ал екінші орын Айнұрлы Мұхитқа (халық аспаптарында орындау) және Исатай ауданының Аққыстау ауылынан келген «Әсемай» ансамбліне (дәстүрлі ән) бұйырды.

6q7a6609 resized

Осылайша, Атырау облысының қаласы мен ауылдарынан барған жас өнерпаздар халықаралық сахнада өнер көрсетіп, өздерінің шығармашылық қабілетін танытты. Әсіресе Бейбарыс пен Аққыстау ауылдарының балалары үшін бұл туған өлкені халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік берді.

Форум бағдарламасы аясында жас өнерпаздар Астрахан кремлінде өткен шеберлік сабақтарына қатысып, басқа қатысушылармен тәжірибе алмасты. Сонымен қатар қаланың мәдени нысандарын аралап, Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталыққа барды.

24 қыркүйекте Астрахан мемлекеттік филармониясында Jas tolqyn жеңімпаздарының жеке концерті өтті. Концертке Астрахан облысындағы қазақ диаспорасының өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Қазақстандық өнерпаздарды тамашалауға облыстың шалғай аудандарынан да көрермендер келген. 600 орындық зал лық толды.

Жас таланттардың Астраханға сапары Jas tolqyn байқауының қайырымдылық бағдарлама аясындағы мүмкіндіктерінің бірі болды.

Жоба Қазақстанның батыс өңіріндегі дарынды балаларды қолдауға бағытталған. Жеті жыл ішінде байқауға 7 мыңнан астам бала мен жасөспірім қатысқан. Олар сахналық тәжірибе жинақтап қана қоймай, танымал өнер қайраткерлерінің шеберлік сабақтарына қатысып, халықаралық деңгейде өнер көрсетуге мүмкіндік алып келеді.

Майра ЕРҒАЛИ

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT