Кітап оқуға қызығушылық кейде бір сұрақтан, бір әңгімеден басталуы мүмкін. Осы орайда атыраулық жастар үшін Ұлттық кітап күнінде танымал қаламгерлердің қатысуымен әдеби кеш ұйымдастырылды.


Utebayev University қабырғасында «Бесқонақ – кітапқа ғашық ету амалы» тақырыбында тағылымды кездесу өтті. Шараның басты мақсаты – жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық әдебиетке қызығушылықты арттыру және рухани құндылықтарды дәріптеу. Кездесуге белгілі қаламгерлер – Ерлан Жүніс, Бейбіт Сарыбай, Қанат Әбілхайыр, Әлішер Рахат және Әлия Дәулетбаева қатысып, студенттермен ашық әрі еркін форматта пікір алмасты. Кеш барысында қаламгерлер кітаптың адам өміріндегі орны мен маңызын ерекше атап өтті.
– «Адамның айнымас досы о бастан кітап болды және солай қала бермек. Дүние дамудың ең биік шыңына шықса да, кітап адаммен бірге жасай береді», – деді Бейбіт Сарыбай. Кеш аясында Бауыржан Момышұлының “Ұшқан ұя” шығармасын оқудан өткен байқаудың жеңімпазы анықталды. Ақпараттық технологиялар факультетінің студенті Ақпейіл Нұраулетова үздік нәтиже көрсетіп, арнайы сыйлыққа ие болды. Жеңімпаз өз әсерімен бөлісіп: – «Мен көбіне психологиялық кітаптар оқитынмын. Бұл байқау арқылы әдеби кітапқа қызығушылығым артты. “Ұшқан ұяны” үш күнде оқып шығып, сұрақтарға жауап бердім. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын», – деді.
Кеш соңында Бейбіт Сарыбай студенттерге өзінің «Шаршы алаңнан тыс өмір» кітабын тарту етті. Осындай еркін форматтағы кездесулер бір нәрсені аңғартады: кітапқа деген қызығушылық кейде үлкен дәрістерден емес, дәл осындай көкжиегімізді кеңейтетін қарапайым әңгімеден басталады.
Хұсни ХАМЗА


