Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Атырауда «Сөйлейді сезім…» атты шығармашылық кеш өтті

Н. Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясында әнші Самал Теміралиеваның «Сөйлейді сезім…» атты жеке шығармашылық концерті өтті. Кеш барысында көрерменге махаббат, сағыныш, өмірге құштарлық пен адам жанының нәзік иірімдерін бейнелейтін музыкалық туындылар ұсынылды.

Самал Теміралиеваның өнер жолы бала кезінен басталған. Әншінің айтуынша, оның сахнадағы алғашқы қадамы «Әнші балапан» байқауымен байланысты. Байқауға қатысқан сайын Бас жүлдені иеленуі әнге деген қызығушылығын арттырып, өнерге деген ынтасын күшейте түскен.

923af664 e677 4577 8a06 438e9bcd2809

– Туыстарым әкемнің гармоньмен ән салып, тойдың көркін қыздырғанын жиі еске алады. Нағашым Сансызбай Базарбаев – белгілі ақын, журналист. Өнерге деген сүйіспеншілік маған сол жандардан дарыған болар, – дейді әнші.

Оның кәсіби қалыптасуына алғашқы ұстазы Алма Сағидоллақызының ықпалы зор болды. Индердегі музыка мектебінде ұстазының жетекшілігімен «Қарлығаш» хорында ән айтып, ұжым құрамында халықаралық байқауларға қатысып, лауреат атанды.

Әншінің сахнаға келуіне анасының да еңбегі ерекше. Оның айтуынша, өнерге деген қабілетін байқап, ән үйірмесіне жетелеген де, арманын қолдаған да – анасы. Сонымен қатар алғашқы ақылшылары болған Замзам Дәуітов пен Галина Арыстанқызының қолдауын да ризашылықпен еске алады.

Әнге деген құштарлық оны Атыраудағы музыка училищесіне жетеледі. Мұнда Ғафиз Есімов, Мүнира Матайбайқызы, Клара Мұфтахидденова және Людмила Олеговна сынды ұстаздардан тәлім алды. Хор өнерін меңгеріп, вокалдық топ құрамында ән салды.

0eef92ae 94a8 40cd b6b2 73ee5a190575

– Бүгінге дейін сол ұстаздарымның берген тәлімін жүрегімде сақтап келемін. Кейін дирижер Орақ Жауыров ағамыз мені «Нарын» оркестріне әнші болуға шақырды. Содан бері филармонияның бірнеше шығармашылық ұжымында өнер көрсеттім. Осы қара шаңырақта қанатымды қатайтып, сахнаға деген жауапкершілігімді терең сезіндім, – дейді Самал Теміралиева.

Әнші үшін «Сөйлейді сезім…» концерті – көптен бері жүрегінде сақтап келген арманының орындалуы. Жеке шығармашылық кешінде ол көрерменге өнер жолындағы ізденістері мен әнге деген ықыласын жеткізіп, қолдау білдірген жандарға алғысын айтты.

– Бүгін мен үшін ерекше күн. Көптен жүрегімде сақтаған арманымды орындап, алғаш рет жеке концертімді ұсынып отырмын. Бұл – менің өнер жолымның бір белесі ғана емес, жүрегімде жиналған сезімдеріммен бөлісетін сәтім. Қолдаған жандарға, ұстаздарыма, отбасыма және өнерімді бағалап, тыңдап жүрген көрерменге шын жүрегімнен алғыс айтамын. Бүгін менің әндерім сөйлесін. Ал әндеріммен бірге жүрегімдегі сезімдер де сіздерге жетсін, – деді әнші.

0d82a3da 0f15 4dcb 8b31 4773b19bb2e7

Музыкалық кештің шымылдығы «Spring Fever» композициясымен түрілді. Сахнада филармонияның эстрадалық оркестрінің ритм-тобы өнер көрсетті. Ұжымға композитор, «Құрмет» орденінің иегері Болат Кохаманов жетекшілік етті. Сондай-ақ «Інжу-Маржан» би ансамблі концерттік бағдарламаға қатысып, музыкалық нөмірлерді би қойылымдарымен толықтырды.

9c7a0681 c555 48ee 931f 42970dfa775f

Бағдарлама барысында Самал Теміралиева Ескендір Хасанғалиевтің «Шалқы Атырау», «Жанарым», Нұрғиса Тілендиевтің «Қанатым», Болат Кохамановтың «Асығыстық» пен «Айша бибі» шығармаларын орындады. Сонымен қатар «Өмірге ғашықпын», «Асықпа сен», «Есімде», «Ғашықпын», «Қара маған, қара» және «Жан Ана» әндері көрермен назарына ұсынылды.

0b0cf70f b996 425e 9e35 222c57da95c9

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT