Атырауда «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Кітап LIVE» атты әдеби-мәдени кездесу ұйымдастырылды. Шараға танымал блогер, әдебиет жанашыры Хамит Ердехан қатысып, жастармен кітап оқудың маңызы, әдеби шығармалардың адам танымына әсері және оқырмандық мәдениетті қалыптастыру жөнінде ой бөлісті.
Кездесу барысында Хамит Ердехан әдебиетке деген қызығушылығының қалай қалыптасқанын айтып, шығармашылық ізденісіне арқау болған ақындар туралы әңгімеледі.
Кездесу барысында Хамит Ердехан Атырауға кітап оқу тақырыбындағы жобалар аясында бірнеше рет келгенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жүздесулердің мақсаты – оқырмандық тәжірибесімен бөлісіп, жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру. Блогердің кітап әлеміне деген ықыласының қалыптасуына Мұхтар Шаханов, Мұқағали Мақатаев және Қадыр Мырза Әлі шығармаларының ықпалы зор болған. Кездесу кезінде де осы ақындардың мұрасына тоқталып, әдебиеттің мәні мен оқудың адам өміріндегі орны жөнінде жастармен пікір алмасты.
Іс-шара аясында кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылып, кітап дүкендері, баспалар мен оқырман клубтары өз жұмыстарын таныстырды. Атап айтқанда, «Отбасы хрестоматиясы», «Kitapal», «АлифБи» кітап дүкендері мен баспа өкілдері оқырмандарға өз өнімдерін ұсынды. Сонымен қатар «Талап» және «Қалам» кітап клубтарының қызметі таныстырылды.

Шараның мазмұны кітап таныстырумен ғана шектелмеді. Қатысушылар көркем әдебиет туралы пікір алмасып, өздері оқыған шығармалар жөнінде ой бөлісті. Кітап көрмесімен қатар кәсіби және әуесқой суретшілердің туындылары ұсынылып, музыкалық-әдеби композициялар мен мәдени бағдарлама көрермен назарына берілді. Кеш барысында «Ғажап Бэнд» вокалды ансамблі өнер көрсетті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Кітап LIVE» форматының ерекшелігі – оқырмандарға кітаптарды тамашалап қана қоймай, оларды оқып, мазмұнын талқылауға және пікірлес адамдармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беруінде. Мұндай кездесулер әдебиетке қызығушылық танытатын жандардың басын қосып, кітап оқу мәдениетін ортақ құндылық ретінде қалыптастыруға бағытталған.
Шара соңында белсенді қатысушылар марапатталып, естелік суретке түсті.
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ




