Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

«Алтын домбыра» байқауының бас жүлдесін атыраулық Нұрдәулет Муханбеджанов иеленді

Атырауда өткен Қазақстанның Халық әртісі Әзидолла Есқалиев атындағы VII «Алтын домбыра» халықаралық байқауы өз мәресіне жетті.

Күй күмбіріне бөленген өнер додасының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Байқау мерекелік гала-концертпен түйінделді. Биылғы байқаудың бас жүлдесі атыраулық Нұрдәулет Муханбеджановқа бұйырды.

Ол Кең Жылыой аудандық мәдениет үйінің атынан өнер көрсетіп, 1 миллион теңге көлеміндегі қаржылай сыйлыққа ие болды. Бірінші орынды Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының өкілі Жантілек Жұмагелдиев иеленді. Байқау лауреатына 700 мың теңге табысталды. Екінші орын маңғыстаулық Ерасыл Есет пен Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің өкілі Бекнұр Әбдіжәлиге берілді. Олар 500 мың теңгеден иеленді.

Ал үшінші орынға Атырау музыка колледжінің студенті Әлішер Өміржан, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының өкілі Асылбек Джорабеков және Түркіменстан ұлттық консерваториясының қатысушысы Мурад Аширов лайық деп танылды.

 Жүлдегерлерге 300 мың теңгеден табысталды. Сонымен қатар Павлодар облысынан келген Диас Қайыркен, Өзбекстан мемлекеттік консерваториясының өкілі Улбосын Матназарова, Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрінің әртісі Тұрлыхан Абуханов және Атырау музыка колледжінің студенті Нұрдәулет Нұрланов дипломант атанып, 100 мың теңгеден қаржылай сыйақы алды.

Арнайы жүлде Атыраудағы Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің әртісі Зейінбек Хамзаға табысталды. Ол 100 мың теңге көлеміндегі сыйақымен марапатталды. Сондай-ақ Ресейден келген Ралина Ерманалиева ынталандыру сыйлығына ие болса, басқа да қатысушыларға алғыс хат табысталды. Халықаралық байқауға Қазақстанның әр өңірінен және Түркіменстан, Өзбекстан, Беларусь, Ресей мемлекеттерінен келген өнерпаздар қатысты.

Қатысушылар дәстүрлі күйшілік өнердің озық үлгілерін ұсынып, шеберліктерін ортаға салды. Осылайша, «Алтын домбыра» халықаралық байқауы ұлттық өнерді ұлықтап, күйшілік дәстүрдің сабақтастығын дәріптеген тағылымды мәдени іс-шара ретінде қорытындыланды.

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT