Бұл туралы «Qabilet КЕҰ акселераторы» әлеуметтік жобасының қорытынды шарасында жоба қатысушысы Бибігүл Молдағалиева айтты.
«Qabilet» жобасына дейін әлеуметтік жоба мен ҮЕҰ саласы туралы білімім аз болды. Қайдан бастау керегін, қандай қадам жасау керек екенін білмедім. Бірақ қоғамға пайда тигізу ниетім әрқашан күшті еді. Жобаға қатысу арқылы, «Үміт сәулесі» атты әлеуметтік жобамды жазып, 1 000 000 теңге гранттың жеңімпазы атандым. Бұл — менің алғашқы әлеуметтік жобам болды және оны өте жақсы нәтижемен жүзеге асырдым. 2025 жылдың желтоқсан айында мен «Айқын-ой» қоғамдық қорын ресми түрде тіркедім. Жоба аясында обыр ауруына шалдыққан 15 науқасқа және олардың күтушілеріне, отбасы мүшелеріне психологиялық көмек көрсетіп келемін. Нәтижесінде науқастардан алынған түрлі медициналық анализдер жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Бұл біз үшін үлкен жеңіс» дейді жоба қатысушысы Бибігүл Молдағалиева.
Еске сала кетелік, Атырауда «Qabilet КЕҰ акселераторы» әлеуметтік жобасы қорытындыланды.
«Теңізшевройл» қолдауымен 2025 жылы Құлсары және Атырау қалаларында жүзеге асырылған жоба аясында 110 өтінім қабылданды; 54 адам тренингтерге қатысып, білім алды; 31 әлеуметтік жоба дайындалды; 14 адам Астана және Алматы қалаларына тағылымдамаға барып, 13 ҮЕҰ-дың жұмысымен танысты; 8 қатысушы шағын гранттар ұтып алды. Жобаның мақсаты — өңірдегі азаматтық белсенділікті арттыру және жергілікті еріктілер мен ҮЕҰ-лардың әлеуетін күшейту» дейді «Qabilet» жобасының директоры Алтынгүл Атабаева.




