Атырау облысында балалар хирургиясы мен колопроктология саласындағы заманауи медициналық технологияларды дамытуға бағытталған «Малоинвазивные операции в детской колопроктологии» тақырыбындағы бес күндік өңірлік мастер-класс өз жұмысын бастады.
Іс-шараның негізгі мақсаты – балалар колопроктологиясында қолданылатын заманауи аз инвазивті хирургиялық әдістерді өңір мамандарына таныстыру, тәжірибе алмасу және медициналық көмектің сапасын арттыру. Мастер-классқа Ресей Федерациясынан арнайы шақырылған жоғары білікті маман – РФ Президенті Іс басқармасының Орталық клиникалық ауруханасының балалар хирургиясы бойынша ғылыми жетекшісі, РМАПО балалар хирургиясы кафедрасының профессоры, РФ Росздравнадзорының бас сарапшысы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, балалар хирургі Киргизов Игорь Витальевич қатысуда.
Бес күнге жоспарланған іс-шара барысында профессор Игорь Киргизов балаларға консультативтік қабылдау жүргізіп, күрделі клиникалық жағдайларды талқылайды. Сонымен қатар дәрістер өткізіп, практикалық сабақтар ұйымдастырып, заманауи хирургиялық әдістерді тәжірибе жүзінде көрсетеді. Мастер-класс аясында 15 балаға хирургиялық ота жасау жоспарланған. Медициналық көмек алу үшін Атырау облысынан бөлек, басқа өңірлерден де балалар арнайы келген. Бұл өз кезегінде Атырауда ұйымдастырылып отырған мастер-класстың өңірлік маңызын көрсетеді. Іс-шараға Атырау облысының аудандық медициналық ұйымдарынан балалар хирургиясы мен тиісті бейіндегі 10-ға жуық маман, сондай-ақ Ақтөбе және Ұлытау облыстарынан келген балалар хирургтары қатысуда.
Мамандар жетекші профессордың тәжірибесімен танысып, күрделі клиникалық жағдайларды талқылауға және жаңа хирургиялық тәсілдерді меңгеруге мүмкіндік алып отыр. Мастер-класс барысында балалар колопроктологиясындағы заманауи диагностикалық және хирургиялық әдістер, аз инвазивті операцияларды жүргізу ерекшеліктері, күрделі клиникалық жағдайларды емдеу тәсілдері және медициналық тәжірибеге жаңа технологияларды енгізу мәселелері қарастырылуда.



