1 қыркүйекте ашылады* Жылыой ауданында 1200 орынға арналған заманауи “Келешек мектептің” құрылысы толық аяқталды.
«Жайлы» мектеп жаңа оқу жылы қарсаңында, яғни 1 қыркүйекте пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Жаңа білім ордасы толықтай заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мектепте 52 оқу кабинеті бар, олардың барлығы интерактивті тақталармен, қажетті техникалық және дидактикалық құралдармен қамтамасыз етілген. Оқушылар үшін 133 компьютер мен 103 ноутбук қарастырылып, информатика кабинеттері 3D принтерлермен жабдықталған.
Сонымен қатар STEM және робототехника сыныптары жұмыс істейді. Жаратылыстану бағытындағы пәндерге арналған зертханалар, екі спорт залы, кітапхана, 260 орындық акт залы және 338 орынға арналған асхана қарастырылған. Ерекше білімді қажет ететін оқушылар үшін барлық жағдай жасалып, ғимаратта лифт орнатылған. Қауіпсіздік мақсатында мектепте 150 бейнебақылау камерасы іске қосылған. Жылыой ауданы білім бөлімінің басшысы Алмабек Абдоловның айтуынша, жаңа мектеп оқушыларға сапалы білім алуға және заманауи технологияларды меңгеруге мүмкіндік береді. Жоба ауданның білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Ақтілек Базарбаева


