Абай орталығында «Жас маманнан – кәсіби шеберлікке» атты жас мамандардың екі күндік облыстық форумы өтуде. Оған өңірдің үш жүзге жуық жас мұғалімі мен мектеп директорлары қатысуда. Қырыққа жуық спикер екі күн бойы ұстаздарды жаңа технологиялармен, жасанды интеллектпен және киберқауіпсіздік негіздерімен таныстырып, тәжірибелік бағытта оқыту жүргізеді.

– Спикерлік ету үшін өз саласының танымал мамандарын, ғалымдарды, Қазақстан университеттерінің оқытушыларын, сондай-ақ Астана, Алматы және Атырау қалаларындағы компания директорларын шақырдық. Олар өз білімдерімен және тәжірибелерімен бөлісіп, шеберлік сабақтарын өткізеді. Форумның негізгі тақырыптары – жаңа технологиялар, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік. Бүгінде бұл бағыттар аса өзекті, сондықтан жас мамандарымызды осы жаңашылдықтармен таныстыру – басты міндетіміз. Қатысушылардың басым бөлігі – еңбек өтілі үш жылға дейінгі мұғалімдер. Сонымен қатар мектеп директорларын да арнайы шақырдық, себебі олар да жаңа технологиялардан хабардар болуы тиіс, – деді облыстық білім беру басқармасы әдістемелік орталығының директоры Болат Досжан.

Форумның алғашқы күнінде спикерлер жасанды интеллект арқылы қазақ тілін дамыту, ISSAI мүмкіндіктері, мектепке дейінгі және мектеп білімінде жасанды интеллект негізіндегі цифрлық аватарды қолдану, мектептерге арналған жасанды интеллектке негізделген білім беру шешімдері секілді өзекті тақырыптарды кеңінен талқылады.

Шеберлік сабақтары барысында бүгінгі таңда сұранысқа ие болу үшін қандай білім мен дағдыларды меңгеру қажеттігі, тәлімгерлік жолы – жас маманнан халықаралық деңгейге дейінгі кәсіби өсу, оқу сауаттылығын жасанды интеллект көмегімен дамыту сияқты маңызды мәселелер қозғалды.

Форумның екінші күні жас педагогтар қазіргі қоғамдағы жас мамандардың рөлі туралы пікір алмасып, ой бөлісті.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суретке түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ




