Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектебі» ұлттық жобасы – білім беру саласындағы ең ауқымды әлеуметтік бастамалардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған жоба барлық балаға сапалы әрі қолжетімді білім алуға тең мүмкіндік жасауды көздейді.
Ұлттық жобаның негізгі мақсаты – ауыл мен қала мектептері арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайту, апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу, оқушылар үшін заманауи әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру.
Бүгінде еліміздің көптеген өңірінде «Келешек мектептері» пайдалануға беріліп, оқушыларды қабылдап жатыр. Жаңа білім ошақтары соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, білім беру процесін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беруде.
Жобада тек оқу кабинеттерін салу ғана емес, оқушының жан-жақты дамуына басымдық берілген. Мектептерде заманауи зертханалар, шығармашылық шеберханалар, кітапханалар, спорт және өнер залдары, демалыс пен жеке дайындыққа арналған кеңістіктер қарастырылған. Мұндай орта балалардың қабілетін дамытуға, мұғалімдердің де тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
Ұлттық жобаны іске асыруды Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі үйлестіреді. Ал құрылыс жұмыстарын Индустрия және құрылыс министрлігі мен «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы жүргізуде. Сонымен қатар жобаны жүзеге асыруға жиырмадан астам мемлекеттік және жергілікті атқарушы орган қатысып отыр. Бұл – еліміздегі ең ірі ведомствоаралық жобалардың бірі.
Мектептердің жобасы әр өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген. Оңтүстік аймақтарда күн энергиясын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін шешімдер қолданылса, солтүстік өңірлерде жылу сақтау мен энергияны үнемдеуге арналған технологиялар енгізілген.
«Келешек мектептерінің» басты басымдығы – қауіпсіздік пен қолайлылық. Барлық ғимараттарда бейнебақылау жүйесі, кіруді бақылау құралдары және оқушылардың қозғалысын реттейтін цифрлық жүйелер орнатылған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін жеке блоктар қарастырылып, олардың қауіпсіз әрі жайлы білім алуына жағдай жасалған.
Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін кең сыныптар, арнайы кабинеттер, бейімделген санитарлық тораптар мен кедергісіз орта жасақталған. Бұл – инклюзивті білім беру қағидаттарының толыққанды жүзеге асуының нақты көрінісі.
«Келешек мектебі» ұлттық жобасы – жаңа ғимараттар салу ғана емес, әрбір қазақстандық баланың сапалы білім алып, өз әлеуетін толық ашуына мүмкіндік беретін маңызды мемлекеттік бастама. Жобаның басты құндылығы – еліміздің қай өңірінде тұрса да, әрбір оқушының заманауи әрі қауіпсіз мектепте білім алуына жағдай жасау.



