Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Педагогтерді аттестаттау жүйесі жаңарады

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттаудың жүйесіне бірқатар маңызды өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр. Жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты – ұстаз еңбегін әділ әрі ашық бағалау жүйесін қалыптастыру, сондай-ақ артық талаптар мен негізсіз қаржылық шығындарды қысқарту.

Жаңа аттестаттау жүйесі педагогтердің нақты жұмыс нәтижелеріне негізделіп, барынша түсінікті әрі объективті форматқа көшіріледі. Бұл туралы аталған министрліктің бас сарапшысы Эльмира Тұңғатарова мәлімдеді.

Оның айтуынша, негізгі жаңашылдықтардың бірі – педагогтердің білімін бағалау тестінің толықтай тоқтатылуы. Енді тестілеуден тек педагогикалық оқу орындарын жаңадан тәмамдаған жас мамандар, еңбек өтілін үзіп, қайта жұмысқа орналасқысы келетін педагогтер ғана өтеді. Сонымен қатар педагогтердің білімін бағалау (ПББ) тесті білім беру ұйымдарының басшылары, олардың орынбасарлары және әдістемелік орталықтардың әдіскерлері үшін сақталады.

-Жаңа қағидаларға сәйкес, мектепте кемінде екі жыл үздіксіз еңбек өтілі бар педагогтер біліктілік санатын алуға өтінім бере алады. Олардың кәсіби деңгейі тек практикалық нәтижелер арқылы бағаланады. Яғни, педагогтің портфолиосындағы жетістіктері, оқушыларының білім сапасы мен оқу-тәрбие жұмысын жүргізу деңгейі басты назарға алынады. Сондай-ақ барлық деңгейлер үшін авторлық бағдарламалар мен оқу-әдістемелік құралдарды ұсыну талабы алынып тасталады. Бұл педагогтерге түсетін жүктемені жеңілдетіп, артық бюрократиялық кедергілерді азайтуға бағытталған, — дейді Э.Тұңғатарова.

Аталған өзгерістер 2027 жылдан бастап енгізілетін аттестаттау жүйесіне қатысты. Жаңа жүйеге біртіндеп көшу үшін өтпелі кезең қарастырылған. Мәселен, ПББ-ны алғаш тапсырғанда қажетті шекті балл жинай алмаған педагогтердің қолданыстағы біліктілік санаттары мен тиісті үстемақылары толық көлемде сақталады.

Сонымен қатар олардың аттестаттауы 2026–2027 оқу жылына ауыстырылып, жаңа қағидалар бойынша, ПББ тапсыру талап етілмей өткізіледі. Яғни, ПББ енді аттестаттаудан өтудің міндетті шарты болмайды.

Жаңа нормаларға сәйкес, ПББ-ны қайта (ақылы негізде) тапсыру тәжірибесі де жойылады. Бұған дейін қайта тапсыру үшін төленген қаражат педагогтерге толық көлемде қайтарылады.

Ал тестілеуден өтіп, белгілі бір шарттарға сәйкес ПББ тапсырмай-ақ санатын растай алатын педагогтер осы оқу жылында қолданыстағы қағидалар бойынша аттестаттаудан өтеді.

Қазіргі уақытта педагогтерді аттестаттаудың жаңа форматының нақты қағидалары әзірлену үстінде. Оқу-ағарту министрлігі бұл модельді енгізу мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына арналған арнайы брифинг өткізуді жоспарлап отыр.

Жалпы алғанда, енгізілетін өзгерістер педагог мәртебесін арттыруға, олардың еңбегін шынайы бағалауға және білім беру жүйесінің сапасын көтеру үшін қолға алынады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT