Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығына сәйкес, бірінші сыныпқа құжат қабылдау 18-28 маусым аралығында жүргізіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Айнагүл Жұмағазиеваның айтуынша, құжат қабылдау процесі жеңілдетілген.
– Егер бала мектепалды даярлық тобында оқып, сол білім ордасында оқуын жалғастыратын болса, құжаттарды қағаз түрінде тапсыра алады. Ол үшін мектептерде өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ұйымдастырылған. Ал құжатты онлайн тапсыруға мүмкіндігі бар ата-аналар OQU платформасы арқылы өтініш бере алады, – деді бөлім басшысы.
Маманның айтуынша, OQU платформасы арқылы өтініш жолдағаннан кейін ата-аналар EGOV.KZ порталындағы «Орта білім» бөліміне кіріп, «1-сыныпқа қабылдау үшін құжаттарды қабылдау» қызметін таңдауы қажет. Одан әрі қажетті электронды құжаттарды тіркеп, өтініш беру рәсімін аяқтайды.
Бірінші сыныпқа қабылдау үшін 3х4 көлеміндегі фотосурет, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, 065/е нысанындағы иммундау паспорты және №052-2/е нысанындағы бала денсаулығы паспорты талап етіледі.




