Білім беру жүйесінің ең басты мақсаты – әрбір балаға теңдей, сапалы және заманауи оқу ортасын қамтамасыз ету. Осы міндетті жүзеге асыру мақсатында елімізде қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы өңірлердегі білім инфрақұрылымын жаңғыртуға, ауыл мен қала арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған стратегиялық бастамаға айналды.
Жоба аясында жаңа білім беру ұялары бой көтеруде. Педагог кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыруға, заманауи оқыту әдістерін енгізуге де ерекше көңіл бөлінуде. Инклюзивті білім беру бағытында барлық оқушыларға – мүгедектігі бар балалар мен ерекше қажеттіліктері бар оқушыларға да ыңғайлы және қолжетімді орта жасалып, олардың даму мүмкіндіктері кеңейтілуде. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуовпен болған сұхбатымызда өңірдегі жобаның нақты нәтижелері мен алдағы жоспарлар туралы білдік.
Оның айтуынша, алдағы жылдары жаңа мектептер тек сапалы білім берумен шектелмей, оқушылар үшін шығармашылық және зерттеушілік орталықтарға айналып, әр баланың қабілетін толық ашуға мүмкіндік беретін заманауи хабтарға айналмақ.
– Марат Әлменұлы, «Келешек мектептері» дегеніміз не? Жоба аясында салынып жатқан білім нысандарының құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі қалай қадағаланып отыр?
– Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда. Жобаның әр кезеңінде құрылыс сапасы, қауіпсіздік талаптарының сақталуы және нысандардың белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі мұқият қадағаланады. Басты мақсат – оқушылар мен педагогтер үшін қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи талаптарға толық жауап беретін білім беру ортасын уақытылы қалыптастыру. «Келешек мектептері» – еліміздің білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған стратегиялық маңызы зор ұлттық жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл бастама – тек жаңа мектеп ғимараттарын салумен шектелмейтін, елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды инвестиция. Жобаның басты мақсаты – оқушыларға сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасап, заманауи инфрақұрылымы бар білім ордаларын қалыптастыру. Атырау облысында бұл жоба 2023 жылы басталып, өңірде барлығы 9 мектептің құрылысы жоспарланған. Оның алтауы облыс орталығында салынса, ал үшеуі аудандарда бой көтеруде. Атап айтқанда, Құрманғазы ауданының Құрманғазы және Ақкөл ауылдарында 600 орындық мектептер салынып жатыр. Ал Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталуға таяу. Бұл білім ошақтары заманауи оқу кабинеттерімен, зертханалармен, спорт және шығармашылық залдарымен жабдықталып, оқушылардың жан-жақты дамуына толық мүмкіндік береді. Жалпы, құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімнің сақталуы қатаң бақылауда. Тиісті мемлекеттік органдар, техникалық және авторлық қадағалау қызметтері жүйелі түрде мониторинг жүргізіп, құрылыс жұмыстарының әр кезеңінің талапқа сай орындалуын қамтамасыз етуде. «Келешек мектептері» жобасы өңірдегі білім беру инфрақұрылымын жаңғыртып қана қоймай, өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына, олардың болашақта бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына берік негіз қалайтын болады.
–Өткен жылдың соңында ғана ашылған Ақсай-2 және Жұлдыз-3 шағын аудандарының орналасқан «келешек мектептерінің» инфрақұрылымы туралы айтып өтсеңіз. Оқушыларға қандай заманауи мүмкіндіктер ұсынылған?
–«Келешек мектебі» шәкірттер мен ұстаздарға есігін айқара ашқаны белгілі. Соның бірі – Ақсай-2 мен Жұлдыз-3 шағын аудандарының тоғысында бой көтерген заманауи білім ордасы. Аталған «Келешек мектебінің» басты ерекшелігі – бүгінгі заман талабына толық жауап беретін, білім мен тәрбиені біртұтас жүйе ретінде ұштастырған жаңа форматтағы оқу кеңістігі. Мектеп заманауи инфрақұрылыммен жабдықталып, цифрлық технологиялармен қамтамасыз етілген. Мұнда робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар, IT-сыныптар мен шығармашылық шеберханалар жұмыс істейді. Білім беру үдерісінде әр оқушының жеке қабілеті мен қызығушылығын дамытуға ерекше мән берілген. Шәкірттер сыни ойлауға, зерттеу жүргізуге, командамен жұмыс істеуге және жауапкершілік алуға баулынады. Сонымен қатар инклюзивті білім беру қағидаттары сақталып, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың да сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Келешек мектебінің тағы бір маңызды қыры – қауіпсіз әрі жайлы білім беру ортасы. Ғимарат экологиялық стандарттарға сай салынып, кең әрі жарық сыныптармен, заманауи спорт және өнер залдарымен, кітапхана мен демалыс аймақтарымен толық қамтылған. Бұл білім ордасы – тек білім беретін мекеме ғана емес, болашақтың көшбасшыларын тәрбиелейтін, ойы озық, талабы биік ұрпақты қалыптастыратын зияткерлік орта.
– Қала мен ауыл мектептерінің арасындағы білім деңгейі алшақтап бара жатыр. Сапалы кадр тапшылығы мен мектептің материалдық базасының әлсіздігінен бұл мәселе әлі күнге дейін өзекті. Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы айырмашылықты азайтуда «Келешек мектептері» ұлттық жобасының маңызы қандай? Бұл бастама өңірдегі ауылдық білім ошақтарының дамуына қандай нақты мүмкіндіктер мен серпін әкеледі?
– Ауыл мектептерінің инфрақұрылымының тозуы, орын тапшылығы – бұрыннан келе жатқан мәселе. «Келешек мектептері» осы олқылықтың орнын толтыруға нақты мүмкіндік беріп отыр. Барлық мектептер бірыңғай ұлттық стандарт бойынша салынып, қала мен ауылдағы білім ордалары бірдей материалдық-техникалық базамен жабдықталады. Ауылдық мектептерге ерекше басымдық берілген. Үш ауысымды, апатты жағдайдағы нысандардың орнына жаңа мектептер бой көтеріп, оқушылар кең, жарық сыныптарда білім алады. Бұл – ауыл баласына да қаладағыдай мүмкіндік беру деген сөз. Сонымен қатар 2025-2027 жылдары облыста 97 мектепке қайта жаңғырту жүргізу жоспарланған. Нәтижесінде бұл білім ошақтары да келешек мектептер деңгейіне жеткізіледі.
– «Келешек мектептері» жобасының табысты жүзеге асуы ең алдымен кәсіби әрі білікті педагог кадрларға байланысты екені белгілі. Осы орайда жаңа білім ордаларын жоғары деңгейдегі мамандармен қамтамасыз ету жұмыстары қалай жүргізілуде?
– Айтуыңыз орынды. Білім сапасының басты тірегі – мұғалім. Сондықтан «Келешек мектептерінде» педагог кадрларды іріктеу ерекше талаппен жүргізіледі. Мұғалімдер қайта даярлаудан өтіп, заманауи әдістемелер мен цифрлық технологияларды меңгереді. Жобаның маңызды бағытының бірі де – педагог кадрлардың сапасына ерекше мән беру. «Келешек мектептерінде» қызмет ететін мұғалімдер арнайы іріктеу арқылы қабылданып, кәсіби даярлықтан өтеді. Олардың біліктілігін жүйелі түрде арттыру, заманауи педагогикалық әдіс-тәсілдерді меңгерту, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану – басты талаптардың бірі. Бұл өз кезегінде оқу үдерісінің сапасын арттырып, білім берудің жаңа деңгейін қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл бағыттағы жұмыстарға кірісіп те кеттік. Атырау өңіріндегі химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептері базасында «Келешек мектептері» желісі педагогтеріне арналған «Заманауи мектеп зертханасы: мұғалімге арналған практикалық дағдылар» семинар-практикумдер ұйымдастырылды. Сонымен қатар жаңа форматтағы мектептерде еңбек жолын бастаған жас педагогтер кәсіби қызметінің алғашқы жылын өткеруде. Бұл кезеңде жүйелі әдістемелік қолдау мен тәлімгерлік ерекше маңызға ие екені белгілі. Осыған орай «Өрлеу» орталығының тренерлері өңірлерде «Ұстаз көшбасшылығы» тақырыбында заманауи педагогиканың өзекті мәселелеріне арналған семинарлар өткізуде. Онда қатысушылар педагогикалық көшбасшылықты мұғалімнің кәсіби болмысы тұрғысынан талдап, заманауи зерттеулерді зерделеді, тәжірибе алмасты және білім беру үдерісіндегі өз рөлі мен ықпалын саралады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында бұл шарада физика, химия, биология, информатика, STEAM робототехникада мектеп зертханасын пайдалану дағдылары егжей-тегжейлі қарастырылды. Өйткені заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген: STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, шығармашылық шеберханалар, спорт залдары, акт залы-кинолекторий, заманауи кітапханалармен жұмыс пен инклюзивті мүмкіндіктерді толыққанды кәдеге жарату үшін сол мектепте жұмыс жасайтын мұғалімдердің пәндік құзіреттілігін арттыру аса қажеттілік екені түсінікті. «Келешек мектептері» желісі – бұл тек жақсы жабдықталған білім орны ғана емес, жас ұрпақты бәсекеге қабілетті, еркін ойлы және жауапкершілігі жоғары азамат етіп тәрбиелейтін заманауи білім ордасы болғандықтан да талап тілегі жоғары.
– Бұл мектептер дәстүрлі білім беру мекемелерінен қандай қырларымен ерекшеленеді? Жаңа үлгідегі білім ордаларында оқу үдерісін ұйымдастыруда қандай заманауи әрі инновациялық тәсілдер енгізілуде?
– Ұлттық жоба аясында ең алдымен білім сапасын арттыруға ерекше басымдық беріліп отыр. Бұл мектептерде оқыту мазмұны мен білім беру ортасы дәстүрлі үлгіден өзгеше, заманауи талаптарға сай жаңаша форматта ұйымдастырылады. Сабақ беру үдерісі бұрынғыдай тек лекциялық сипатта ғана емес, оқушының ойлау қабілетін дамытуға, талдау жасап, тәжірибе арқылы білімді меңгеруіне бағытталады. Осы мақсатта пәндік кабинеттер, зертханалар, STEM және IT-сыныптар жабдықталып, теория мен практиканың өзара байланысы күшейтіледі. Бұл өз кезегінде оқушылардың ғылыми ізденіске қызығушылығын арттырып, алған білімін өмірде қолдана білуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар білім беру барысында әр оқушының жеке қабілеті мен ерекшелігіне мән беретін тәсілдер кеңінен енгізілуде. Оқушылардың білім деңгейін тұрақты зерделеу, тиімді кері байланыс орнату, академиялық қолдау көрсету жүйелері жолға қойылған. Қажет болған жағдайда оқушыларға мектеп қабырғасында қосымша сабақтар мен тереңдетілген курстар ұйымдастырылып, олардың біліміндегі олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіндік беріледі. Мұндай тәсіл ата-аналардың балаларын сыртқы қосымша білім беру орталықтарына жіберу қажеттілігін де азайтады. Жалпы алғанда, «Келешек мектептерінің» дәстүрлі білім беру ұйымдарынан басты айырмашылығы – тек жаңа ғимараттар салумен шектелмей, білім беру философиясының жаңаруында. Мұнда қауіпсіз, қолайлы әрі ынталандыратын білім беру ортасы қалыптастырылып, оқушының жан-жақты дамуына, сыни ойлау қабілетінің қалыптасуына, шығармашылық және әлеуметтік дағдыларының жетілуіне басымдық беріледі. Осылайша, ұлттық жоба аясында бой көтерген «Келешек мектептері» білім сапасын жүйелі түрде арттыруға бағытталған, ата-аналар мен қоғамның сұранысына жауап беретін, заманауи талаптарға сай жаңа үлгідегі білім беру ұйымдары ретінде қалыптасып келеді.
– Инклюзивті білім беру – жобаның ажырамас бөлігі деп естіген едік...
–Бұл дұрыс ақпарат. Барлық мектептер ерекше балалар үшін пандус, лифт, тактильді жолақ, арнайы санитарлық тораптармен толық қамтылады. Логопед, дефектолог, психолог мамандар жұмыс істеп, әр балаға жеке қолдау көрсетіледі. Бұл – тең мүмкіндікке бағытталған нақты қадам. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың сапалы білім алуға тең құқығын қамтамасыз ету – мемлекет үшін басым бағыттардың бірі. Осы тұрғыда Атырау облысында жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» жобасында инклюзивті білім беру талаптары толық ескерілген. Оның ішінде ең алдымен, жобалау және құрылыс кезеңінен бастап барлық жаңа мектептердің инфрақұрылымы инклюзивті стандарттарға сай бейімделеді. Атап айтқанда, мектеп ғимараттарында пандус, лифт, кең есіктер, тактильді жолақтар, арнайы санитарлық тораптар қарастырылып, қозғалысы шектеулі балалардың еркін жүріп-тұруына толық мүмкіндік жасалады. Бұл талаптар облыста салынып жатқан барлық «Келешек мектептері» нысандарына міндетті түрде енгізілуде. Ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылар үшін психологиялық-педагогикалық қолдау жүйесі күшейтіледі. Мектептерде логопед, дефектолог, психолог және әлеуметтік педагог мамандары жұмыс істеп, әр баланың жеке даму ерекшелігіне қарай қолдау көрсетеді. Арнайы жабдықталған ресурстық кабинеттер мен түзету сабақтарын өткізуге арналған бөлмелер де қарастырылған. Білім беру процесінде бейімделген оқу бағдарламалары қолданылады. Оқушылардың білім деңгейі мен мүмкіндігіне қарай жеке оқу траекториясы құрылады, ал бағалау жүйесі баланың даму динамикасын ескеруге бағытталады. Бұл – ерекше қажеттілігі бар балалардың өз әлеуетін толық ашуына жағдай жасайды. Өңірде «Келешек мектептері» тек жаңа ғимарат ретінде емес, барша балаға қолжетімді, қауіпсіз және жайлы білім беру ортасы ретінде қалыптастырылуда. Мұндай тәсіл ата-аналардың сенімін арттырып, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың қоғамға бейімделуіне, қатарластарының ортасында білім алуына мүмкіндік береді. Қорытындылай келе, «Келешек мектептері» – Атырау облысының ғана емес, тұтас елдің болашағына бағытталған жүйелі әрі ұзақмерзімді жоба. Бұл бастама бүгінгі баланың ертеңгі табысты өміріне жол ашатын берік негіз болып қаланады.
–Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Мәлике ҚУАНЫШЕВА


