Құрманғазы ауданында биылғы түлектер арасында ерекше әрі есте қаларлық жағдай тіркелді: 625 мектеп бітірушінің ішінде ондаған егіз түлек бар. Бұл туралы AtyrauPress тілшісі хабарлайды.
Құрманғазы ауданы үшін 2026 жылғы мектеп бітіру маусымы шын мәнінде ерекше болғалы тұр. Биыл мұнда 625 түлек мектеппен қоштасса, олардың қатарында бірден 85 егіз бар. Бұл - бүкіл өңір үшін сирек кездесетін әрі есте қаларлық оқиға.
Білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, түлектер арасында мұншама көп егіздердің болуы осы жылдың басты ерекшеліктерінің біріне айналып, аудан тұрғындарының үлкен қызығушылығын тудырған. Мектептерде мұндай жағдай бұрын-соңды болмағаны атап өтілді.

Ең көп егіздер Еңбекші, Мұқанов, Нұрпейісова және Мүсірепов атындағы мектептерде білім алған. Олардың бір бөлігі 9-сынып түлектері болып табылады.
Сонымен қатар, аудан түлектері тек сан жағынан ғана емес, білім көрсеткіштерімен де ерекшеленді.
Биыл 15 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, 24 түлек үздік аттестат иеленді.
ҰБТ-ның екінші ақылы мүмкіндігі бойынша ең жоғары нәтижені Ә. Сәрсенбаев атындағы мектептің оқушысы Аманғали Аружан көрсетіп, 133 балл жинады.
Сонымен қатар, Абай атындағы мектептің оқушысы Али Ниетқалиев Қытайдағы Вэньчжоу университетіне «Халықаралық бизнес» мамандығы бойынша грант жеңіп алды.
15 түлекке қос қуаныш
Тағы бір ерекше сәйкестік - 15 түлек мектеппен қоштасқан күні өздерінің туған күнін де атап өтті. Олар үшін бұл күн қос мерекеге айналды: бір жағынан балалықпен қоштасу болса, екінші жағынан жаңа өмір кезеңінің басталуы.



