ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, «Келешек мектептері» жобасы аясында елімізде 217 заманауи білім беру нысаны бой көтерді. Бұл бастама білім беру инфрақұрылымын дамытуға және оқушыларға қолайлы, сапалы орта қалыптастыруға бағытталған.
Бүгінде аталған мектептерде 200 мыңнан астам оқушы білім алуда. Ал 16 мыңнан астам мұғалім оқу үдерісінде заманауи әдістерді тиімді қолданып келеді. Сонымен қатар 10 мыңнан астам педагог жаңа педагогикалық тәсілдер, жасанды интеллект, цифрлық құралдар және STEM бағытында оқыту бойынша арнайы курстардан өткен.
Оқыту семинарлары Зияткерлік мектептері, Білім-Инновация лицейлері және Өрлеу базасында ұйымдастырылуда.
Жоба аясында мектеп директорлары тәжірибелі басқарушылар қатарынан және «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының түлектері арасынан тағайындалуда. Сонымен қатар олар стратегиялық конференциялар барысында STEM-білім беру моделін меңгеріп, дарынды оқушылардың әлеуетін арттыру, білікті кадрларды тарту және жасанды интеллект платформаларын қолдану арқылы сабақ әзірлеу тәсілдерін игеруде.
Нұргүл Насыр


