Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамыту «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Жоба тек жаңа мектеп ғимараттарын салуды ғана емес, барлық балаға қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыруды көздейді.
Атырау облысында салынған жаңа форматтағы мектептерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған қолайлы жағдайлар қарастырылған. Атап айтқанда, білім беру ұйымдары пандустармен, лифтілермен, тактильді жолақтармен және арнайы санитарлық тораптармен жабдықталған. Сонымен қатар мектептерде ресурс бөлмелері мен психологиялық-педагогикалық қолдау кабинеттері жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, мұндай инфрақұрылым ерекше қажеттілігі бар балалардың жалпы білім беру ортасына еркін бейімделуіне мүмкіндік береді. Бұл инклюзивті білім берудің негізгі қағидаттарының бірі болып саналады.
Жалпы алғанда, өңірде инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған білім беру ұйымдарының үлесі 93,3%-ға жеткен. Ал арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған балалар саны 87%-ды құрайды. Бұл көрсеткіштер аталған бағытта жүргізіліп жатқан саясаттың тиімділігін айғақтайды.


