Білім беру жүйесінің ең басты мақсаты – әрбір балаға тең, сапалы және заманға лайықты оқу ортасын қамтамасыз ету. Осы міндетті жүзеге асыру үшін қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы өңірлердегі білім инфрақұрылымын жаңғыртып, ауыл мен қала арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған стратегиялық бастамаға айналды.
Жоба аясында жаңа білім беру ғимараттары салынып жатыр. Педагогтардың кәсіби біліктілігін арттыруға, заманауи оқыту әдістерін енгізуге де ерекше көңіл бөлінуде. Инклюзивті білім беру бағытында барлық оқушыға – мүгедектігі және ерекше қажеттіліктері бар балаларға да ыңғайлы және қолжетімді орта жасалып, олардың даму мүмкіндіктері кеңейтілуде.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуовпен әңгіме барысында өңірдегі жобаның нақты нәтижелері мен алдағы жоспарлар туралы білдік. Оның айтуынша, болашақта жаңа мектептер тек сапалы білім берумен шектелмей, оқушылар үшін шығармашылық және зерттеушілік орталық ретінде әр баланың қабілетін толық ашуға мүмкіндік беретін заманауи хабтарға айналмақ.
– Марат Әлменұлы, «Келешек мектептері» дегеніміз не? Жоба аясында салынып жатқан білім нысандарының құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі қалай қадағаланып отыр?
– Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда. Жобаның әр кезеңінде тиісті мемлекеттік органдар, техникалық және авторлық қадағалау қызметтері жүйелі түрде құрылыс сапасы, қауіпсіздік талаптарының сақталуы мен нысандардың белгіленген мерзімде пайдалануға берілуін мониторинг жүргізіп, құрылыс жұмыстарының әр кезеңінің талапқа сай орындалуын мұқият қадағалап отыр. Басты мақсат – оқушылар мен педагогтар үшін қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи талаптарға толық жауап беретін білім беру ортасын уақытылы қалыптастыру.
«Келешек мектептері» – елдің білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған стратегиялық маңызы зор ұлттық жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл бастама – тек жаңа мектеп ғимараттарын салумен шектелмейтін, елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды инвестиция. Жобаның басты мақсаты – оқушыларға сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасап, заманауи инфрақұрылымы бар білім ордаларын қалыптастыру.
Атырау облысында бұл жоба 2023 жылы басталып, өңірде барлығы 9 мектептің құрылысы жоспарланған. Оның алтауы облыс орталығында салынса, ал үшеуі аудандарда бой көтеріп жатыр. Атап айтқанда, Құрманғазы ауданының Құрманғазы және Ақкөл ауылдарында 600 орындық мектептер, ал Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталуға таяу. Білім ошақтары заманауи оқу кабинеттері, зертханалар, спорт және шығармашылық залдарымен жабдықталып, оқушылардың жан-жақты дамуына толық мүмкіндік береді.
– Өткен жылдың соңында ғана ашылған «Ақсай-2» және «Жұлдыз-3» шағынаудандарындағы «Келешек мектептерінің» инфрақұрылымында оқушыларға қандай заманауи мүмкіндіктер ұсынылған?
– «Келешек мектебінің» басты ерекшелігі – бүгінгі заман талабына толық жауап беретін, білім мен тәрбиені біртұтас жүйе ретінде ұштастырған жаңа форматтағы оқу кеңістігі. Мектеп заманға сай инфрақұрылыммен жабдықталып, цифрлық технологиялармен қамтылған. Мұнда роботтық техника кабинеттері, STEM-зертханалар, IT-сыныптар мен шығармашылық шеберханалар жұмыс істеп тұр.
Білім беру барысында әр оқушының жеке қабілеті мен қызығушылығын дамытуға ерекше мән берілген. Шәкірттерді сыни ойлап, зерттеу жүргізуге, командамен жұмыс істеп, жауапкершілік алуға баулиды. Инклюзивті білім беру қағидаттары да сақталып, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың да сапалы білім алуына барлық жағдай бар.
Мұндағы тағы бір маңыздысы – қауіпсіз әрі жайлы білім беру ортасы. Экологиялық талапқа сай салынған ғимараттардағы сынып бөлмелері кең әрі жарық, заманауи спорт және өнер залдары, кітапхана мен демалыс аймақтары да жеткілікті. Бұл тек білім беретін мекеме ғана емес, болашақтың көшбасшыларын тәрбиелейтін, ойы озық, талабы биік ұрпақты қалыптастыратын зияткерлік орта.
– Қала мен ауыл мектептерінің арасындағы білім деңгейі алшақтап бара жатыр. Білікті кадрдың тапшылығы мен мектептің материалдық базасының әлсіздігінен бұл мәселе әлі күнге дейін өзекті. Осы айырмашылықты азайтуда «Келешек мектептері» ұлттық жобасының маңызы қандай? Бұл бастама өңірдегі ауыл мектептерінің дамуына қандай нақты мүмкіндіктер мен серпін әкеледі?
– Ауылдағы мектептердің инфрақұрылымы тозған, орын тапшылығы да бар. Ол – бұрыннан келе жатқан мәселе. «Келешек мектептері» осы олқылықтың орнын толтыруға нақты мүмкіндік беріп отыр. Барлық мектеп бірыңғай ұлттық стандарт бойынша салынып, қала мен ауылдағы білім ордалары бірдей материалдық-техникалық базамен жабдықталады.
Жобада ауыл мектептеріне ерекше басымдық берілген. Үш ауысымды, апатты жағдайдағы ғимараттардың орнына жаңасы салынып, оқушылар кең де жарық сыныптарда білім алады. Бұл – ауыл баласына да қаладағыдай мүмкіндік беру деген сөз.
Ал, 2025-2027 жылдары облыста 97 мектепке қайта жаңғырту жүргізу жоспарланған. Соның нәтижесінде бұл білім ошақтары да келешек мектептер деңгейіне жеткізіледі.
– Бұл жобаның табысты жүзеге асуы ең алдымен кәсіби әрі білікті педагог кадрларға байланысты екені белгілі. Осы орайда жаңа білім ордаларын жоғары деңгейдегі мамандармен қамтамасыз ету жұмыстары қалай жүргізілуде?
– Айтуыңыз орынды. Білім сапасының басты тірегі – мұғалім. Сондықтан «Келешек мектептерінде» педагог кадрларды іріктеу ерекше талаппен жүргізіледі. Мұғалімдер қайта даярлаудан өтіп, заманауи әдістемелер мен цифрлық технологияларды меңгереді.
Жобаның маңызды бағытының бірі де сол педагогтар біліктілігінің сапасына ерекше мән беру. «Келешек мектептерінде» қызмет ететін мұғалімдердің біліктілігін жүйелі түрде арттыру, заманға сай әдіс-тәсілдерді меңгерту, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану – басты талаптардың бірі. Бұл бағыттағы жұмыстарға кірісіп те кеттік. Атырау өңіріндегі химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептері базасында «Келешек мектептері» желісі педагогтарына арналған «Заманауи мектеп зертханасы: мұғалімге арналған практикалық дағдылар» семинар-практикумдар ұйымдастырылды.
Жаңа форматтағы мектептерде еңбек жолын бастаған жас педагогтар кәсіби еңбек өтілінің алғашқы жылын өткеруде. Бұл кезеңде жүйелі әдістемелік қолдау мен тәлімгерлік ерекше маңызға ие екені белгілі. Осыған орай «Өрлеу» орталығының тренерлері өңірлерде «Ұстаз көшбасшылығы» тақырыбында заманауи педагогиканың өзекті мәселелері тақырыбына арналған семинарлар өткізуде. Онда қатысушылар педагогикалық көшбасшылықты мұғалімнің кәсіби болмысы тұрғысынан талдап, заманауи зерттеулерді зерделеді, тәжірибе алмасты және білім беру үдерісіндегі өз ролі мен ықпалын саралады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында бұл шарада физика, химия, биология, информатика, STEAM роботтық техникада мектеп зертханасын пайдалану дағдылары егжей-тегжейлі қарастырылған. Өйткені бүгінгі күнмен үндесетін STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, шығармашылық шеберханалар, спорт залдары, акт залы-кинолекторий, заманауи кітапханалармен жұмыс пен инклюзивті мүмкіндіктерді толыққанды кәдеге жарату үшін сол мектепте жұмыс жасайтын мұғалімдердің пәндік құзіреттілігін арттыру аса қажеттілік екені түсінікті. «Келешек мектептері» желісі – қазіргі заманға сай білім ордасы болғандықтан да талап-тілегі жоғары.
– Бұл мектептердің дәстүрлі білім беру мекемелерінен ерекшелігі неде? Жаңа үлгідегі білім ордаларында оқу процесін ұйымдастыру үшін қандай инновациялық тәсілдер енгізілуде?
– Ұлттық жоба әуелі білім сапасын арттыруға ерекше басымдық береді. Мұнда оқыту мазмұны мен білім беру ортасы дәстүрлі үлгіден өзгеше, заманға сай жаңаша форматта ұйымдастырылады. Сабақ беру бұрынғыдай тек лекциялық сипатта ғана емес, оқушының ойлау қабілетін дамытуға, талдау жасап, тәжірибе арқылы білімді меңгеруіне бағытталады. Осы мақсатта пәндік кабинеттер, зертханалар, STEM және IT-сыныптар жабдықталып, теория мен практиканың өзара байланысы күшейтіледі. Бұл оқушылардың ғылыми ізденіске қызығушылығын арттырып, алған білімін өмірде қолдана білуіне мүмкіндік береді.
Білім беру барысында әр оқушының жеке қабілеті мен ерекшелігіне мән беретін тәсілдер де кеңінен енгізіліп жатыр. Шәкірттің білім деңгейін тұрақты зерделеу, тиімді кері байланыс орнату, академиялық қолдау көрсету жүйелері жолға қойылған. Қажет болса оқушыларға мектеп қабырғасында қосымша сабақтар мен тереңдетілген курстар ұйымдастырып, олардың біліміндегі олқылықтың орнын толтыруға да мүмкіндік бар. Мұндай тәсіл ата-аналардың балаларын сыртқы қосымша білім беру орталықтарына жіберу қажеттілігін де азайтады.
«Келешек мектептерінің» дәстүрлі білім беру мекемелерінен басты айырмашылығы – тек жаңа ғимараттар салумен шектелмей, білім беру философиясының жаңаруында. Мұнда қауіпсіз, қолайлы әрі ынталандыратын білім беру ортасы қалыптасып, оқушының жан-жақты дамуына, сыни ойлау қабілетінің қалыптасуына, шығармашылық және әлеуметтік дағдыларының жетілуіне басымдық беріледі.
Осылайша, ұлттық жоба аясында бой көтерген «Келешек мектептері» білім сапасын жүйелі түрде арттыруға бағытталған, ата-аналар мен қоғамның сұранысына жауап беретін, жаңа үлгідегі білім беру мекемелері ретінде қалыптасып келеді.
– Инклюзивті білім беру – жобаның ажырамас бөлігі деп естіген едік…
– Бұл – дұрыс ақпарат. Барлық мектеп ерекше балалар үшін ғимараттарда пандус, лифт, кең есіктер, тактильді жолақ, арнайы санитарлық тораптар қарастырылып, қозғалысы шектеулі балалардың еркін жүріп-тұруына толық мүмкіндік жасалады. Ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылар үшін психологиялық-педагогикалық қолдау жүйесі күшейтіледі. Мектептерде логопед, дефектолог, психолог және әлеуметтік педагог мамандары жұмыс істеп, әр балаға жеке қолдау көрсетіледі. Бұл – тең мүмкіндікке бағытталған нақты қадам.
Ерекше білім беру қажеттілігі бар балдырғандардың сапалы білім алуға тең құқығын қамтамасыз ету – мемлекет үшін басым бағыттардың бірі. Осы тұрғыда Атырау облысында да инклюзивті білім беру талаптары толық ескерілген. Әсіресе әуелі жобалау және құрылыс кезеңінен бастап барлық жаңа мектептің инфрақұрылымы инклюзивті стандарттарға сай бейімделеді. Арнайы жабдықталған ресурстық кабинеттер мен түзету сабақтарын өткізуге арналған бөлмелер де қарастырылған.
Білім беру процесінде бейімделген оқу бағдарламалары қолданылады. Оқушылардың білім деңгейі мен мүмкіндігіне қарай жеке оқу траекториясы құрылады, ал бағалау жүйесі баланың даму динамикасын ескеруге бағытталады. Бұл – ерекше қажеттілігі бар балалардың өз әлеуетін толық ашуына жағдай жасайды.
Облыста «Келешек мектептері» тек жаңа ғимарат ретінде емес, барша балаға қолжетімді, қауіпсіз және жайлы білім беру ортасы ретінде қалыптасып жатыр. Мұндай тәсіл ата-ананың сенімін арттырып, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың қоғамға бейімделіп, қатарластарының ортасында білім алуына мүмкіндік береді.
Әңгімемізді түйіндесек, «Келешек мектептері» – Атырау облысының ғана емес, тұтас елдің болашағына бағытталған жүйелі әрі ұзақ мерзімді жоба. Бұл бастама бүгінгі баланың ертеңгі табысты өміріне жол ашатын берік негіз болып қаланады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Мәлике ҚУАНЫШЕВА
Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА




