Қазақстанда білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі болған үш ауысымды мектеп проблемасын шешу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 236 мың оқушы орнына арналған 162 жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Жаңа мектептердің ашылуы нәтижесінде 27 үш ауысымды және 11 апатты мектеп мәселесі шешілді. Сонымен қатар 160 мың оқушы орнының тапшылығы жойылды. Білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары бірнеше бағытта жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 89 мың оқушыға арналған 81 мектеп салынды. Оның ішінде 2025 жылы 13 мың оқушы орнына арналған 18 жаңа мектеп іске қосылды. Сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджет қаражаты мен жеке инвестициялар тарту арқылы 16 мың оқушыға арналған 30 мектептің құрылысы жүргізілді. Бұдан бөлек, қолданыстағы мектептерді жаңғырту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Реновация бағдарламасы аясында 209 мектеп жаңартылып, 1000 ауыл мектебі заманауи талаптарға сай жаңғыртылды.
Сонымен қатар ауыл мектептері үшін 1196 жаңа пән кабинеті сатып алынды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Қарағанды және Қызылорда облыстарында үш ауысымды оқыту мәселесі толықтай жойылды. Бұл білім беру сапасын арттыруға және оқушыларға қолайлы оқу жағдайын жасауға бағытталған маңызды қадам болып отыр.


