Атырау облысында жаңа оқу жылында 15 200 баланы бірінші сыныпқа қабылдау жоспарланып отыр. Биыл құжат қабылдау алғаш рет жаңартылған цифрлық жүйе арқылы жүргізілді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығына сәйкес, бірінші сыныпқа құжат қабылдау 18-28 маусым аралығында өтті.
Қабылдау науқаны барысында барлығы 9 981 өтініш тіркелген. Оның 5 959-ы OQU платформасы арқылы eGov порталына жолданса, 4 022 өтініш қағаз түрінде қабылданған.
Өтініштерді қарау кезінде талаптарға сәйкес келмеген 3 810 құжат түзету үшін ата-аналарға кері қайтарылды. Қазіргі уақытта 6 171 баланың құжаттары мақұлданған.
Олардың ішінде 4 139 оқушы қазақ тілінде білім беретін сыныптарға қабылданса, 2 032 бала орыс тілінде оқытатын сыныптарға жолданған.
Облыстық білім беру басқармасы бөлімінің басшысы Айнагүл Жұмағазиеваның айтуынша, ата-аналар құжаттарды рәсімдеу кезінде белгіленген талаптарға ерекше назар аударуы қажет.
– Құжаттардың толық әрі дұрыс рәсімделуі өтініштерді қарау мерзімін қысқартып, қабылдау процесінің сапалы әрі жедел жүргізілуіне мүмкіндік береді. Сондықтан ата-аналардан құжаттарды тапсырар алдында олардың талаптарға сәйкестігін мұқият тексеруді сұраймыз, – деді ол.
Айта кетейік, бірінші сыныпқа құжат қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады.




