Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетте бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылып, оқу орнының ғылыми әлеуеті мен алдағы инфрақұрылымдық жобалары таныстырылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жаңа бастамалар білім беру сапасын арттыруға, ғылымды дамытуға, студенттерге қолайлы орта қалыптастыруға және өңірдің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған.
Баспасөз туры барысында басқарма төрағасы Саламат Ідрісов студенттерге қолайлы жағдай жасау университеттің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Осы мақсатта қазір апатты жағдайда тұрған ескі жатақхананың орнына 900 орындық жаңа студенттер үйін салу жоспарланған.
– Студенттердің сапалы білім алып қана қоймай, жайлы ортада тұруы да маңызды. Сондықтан апатты жағдайдағы жатақхананың орнына 900 орындық жаңа студенттер үйін салуды көздеп отырмыз. Үш блоктан тұратын ғимараттың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сонымен қатар студенттер санының жыл сайын артуына байланысты жаңа оқу ғимараттарын салу да жоспарланған, – деді ол.
Бүгінде университет өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған ғылыми зерттеулерді белсенді жүргізіп келеді. Қазір оқу орнында 145 ғалым еңбек етеді, оның 96-сы – жас зерттеушілер.
Биыл университет базасында 18 ғылыми жоба жүзеге асып жатыр. Олардың қатарында гранттық қаржыландыру жобалары, «Жас ғалым» бағдарламасы аясындағы зерттеулер, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бастамалары, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру жобалары және университетішілік ғылыми жұмыстар бар.
Тур аясында ғалымдардың өсімдіктерді зерттеу бағытындағы жұмыстары да таныстырылды. Мұнда өңірдің экологиялық жағдайына бейімделіп өсірілген изен шөбінің қасиеттерін зерттеу жалғасуда. Ғылыми жоба сәтті нәтижесін берсе, әзірлемені өндіріске енгізіп, нарыққа шығару жоспарланып отыр.
Сонымен қатар университетте жастар арасындағы суицидтің алдын алуға бағытталған жаңа жоба әзірленуде. Бастама облыстық прокуратура және білім беру басқармасымен бірлесіп жүзеге асырылмақ. Жоба жастардың психологиялық саулығын нығайтуға, тәуекелдерді ерте анықтауға және алдын алу тетіктерін жетілдіруге бағытталған.




