Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Atyrau Teachers’ Summit: халықаралық тәжірибе алаңы

Атырауда халықаралық тәжірибелер мен озық әдістемелерді біріктіретін, педагогтердің кәсіби дамуына жаңа серпін беретін Atyrau Teachers’ Summit басталды. «Білім беру саласындағы синергия: педагогика, психология, менеджмент» тақырыбында өткен жиынға 700-ге жуық педагог қатысты. Іс-шара «Білім болашағы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен М. Асаубаева атындағы креатив орталығында өтті, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

BINOM мектептер желісінің кәсіби педагогикалық қауымдастықты дамыту және орта білім сапасын арттыру бағыты аясында ұйымдастырылған саммитке Қазақстаннан, сондай-ақ Нидерланд, Эстония және Сингапурдан келген халықаралық деңгейдегі 17 спикер қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Астана қаласындағы «BI Education» басқарушы компаниясының ғылыми-әдістемелік бөлім координаторы Дидар Қаированың айтуынша, мұғалім, оқушы және ата-ана арасындағы байланыс әрдайым тығыз болуы тиіс. Осыған байланысты саммит аясында аталған үш тараптың өзара ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған өзекті тақырыптар кеңінен қамтылды.

– Атап айтқанда, заманауи оқыту әдістемелері, функционалдық сауаттылықты дамыту, эмоционалдық интеллект, оқушыларды қолдау, мектеп пен отбасы арасындағы байланыс, білім беру ұйымдарын тиімді басқару, стратегиялық даму және командалық жұмыс бағыттары бойынша пленарлық баяндамалар мен сараптамалық сессиялар ұйымдастырылды, – деді ол.

Сондай-ақ спикерлердің бірі, психология және кешенді жыныстық тәрбие саласындағы халықаралық кеңесші әрі тренер Сандрин Ван Дер Доеф жасөспірімдердің әлеуметтік-эмоционалдық дамуы олардың қазіргі және болашақтағы қарым-қатынастарын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

– Болашақта достарымен, әріптестерімен және отбасы мүшелерімен үйлесімді қарым-қатынас орнату балалық шақта қалыптасатын әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларға тікелей байланысты. Сондықтан бұл бағыттағы мәселелерді ерте кезеңнен шешу – саналы әрі білімді ұрпақ тәрбиелеудің негізі, – деді спикер.

Айта кетейік, ертең ата-аналарға, педагогтерге және оқушыларға арналған 12 бағыт бойынша 44 тәжірибелік шеберлік сабағын өткізу жоспарланып отыр. Оған 600-ге жуық адам қатысады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT