Атырау облысында биыл оқушылардың 95%-ға жуығы жазғы демалыс шараларымен қамтылмақ. Балалардың бос уақытын тиімді өткізу үшін түрлі сауықтыру лагерьлері мен танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Облыс аумағында үш сауықтыру лагері жұмыс істейді. Оның бірі – Ресей Федерациясында орналасқан «Қазақстан геолог» емдеу пансионаты, ал қалған екеуі өңірде орналасқан «Жас Өркен» (Индер ауданы) және «Арай» (Махамбет ауданы) балалар демалыс лагерьлері. Бұл лагерьлер жаз бойы 3 мыңнан астам баланы қабылдайды.
Білім басқармасының бас маманы Қадыржан Сапаровтың айтуынша, өзге өңірлердегі лагерьлерге де шамамен 1,5 мыңға жуық бала жіберіледі. Әлеуметтік осал топтағы және арнайы санаттағы балалар квота бойынша түрлі демалыс орындарына жолданады, демалыс шаралары қыркүйек айына дейін жалғасады.
“Бұдан бөлек, мектептер жанынан 167 жазғы лагерь ашылып, олар маусым айынан бастап жұмыс істейді. Мұнда балаларға танымдық, шығармашылық және қызығушылықты арттыратын түрлі іс-шаралар өткізіледі”, – деді маман.
Нұргүл Насыр




