Соңғы уақытта аудан педагогтары толағай табысымен қуантып жүр. Соның тағы бір жарқын үлгісі – Б. Аманшин атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Айбат Оразғалидың «Oi-sandyq» республикалық зияткерлік сайысынан алған қос бірдей жүлдесі.
Астана қаласында өткен бұл білім додасы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен «Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебінің бірлескен жобасы. Бұл сайыстың басты ерекшелігі – оған тек қазақ тілі мен әдебиеті және математика пәнінің мұғалімдері ғана қатыса алады. Басты мақсат – кіріктірілген тапсырмалар арқылы педагогтердің функционалдық сауаттылығын дамыту. Оған еліміз бойынша 20 өңірден 100 жұп, яғни 100 қазақ тілі мен әдебиеті және 100 математика пәні мұғалімі қатысты Жобаның облыстық кезеңінде бірінші орын алған жерлесіміз Айбат Оразғали облыс бойынша іріктелген 10 педагогтың сапына еніп, Астана қаласындағы республиалық кезеңде бақ сынады.Ол жұптық сайыста Атырау қаласындағы Зияткер мамандандырылған мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айназ Салықовамен бірге облыс намысын қорғап, нәтижесінде 100 жұптың арасынан үшінші орынға ие болды.
Сонымен қатар, Айбат Атырау облысының атынан топтық сайысқа да қатысып, нәтижесінде 20 өңірдің арасынан біздің облыс екінші орынды жеңіп алды. Осылайша өзі қатысқан екі сайыста да жүлдегер атанған жерлесіміз аудан абыройын асқақтатты. Айтпақшы осы сынға тағы бір жерлесіміз, бүгінде Атырау қаласындағы Farabi Atyrau International School мектебінің математика пәнінің мұғалімі Есболат Бағдаров та қатысып, ол жұптық сында бірінші орынды, топтық сында Айбатпен бірге екінші орынды иеленді.
– Бұл мен үшін ерекше сайыс болды. Тапсырмалары да тосын әрі қызықты екен. Логикалық бағытқа басымдық беріліпті. Жұптық сайыс үш кезеңнен тұрса, топтық сайыстың финалға дейінгі кезеңі төрт бөлімнен тұрды. Финалда үздік шыққан 5 облыспен бас жүлдені сарапқа алдық. Нәтижесінде Астана қаласы бас жүлдені иеленсе, Алматы қаласы бірінші орынды, біз екінші орынды жеңіп алдық. Яғни, еліміздің ең басты қалаларынан кейінгі үздік нәтижені көрсеттік. Сайыстан кейін елімізге белгілі ғалым, математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаевтың семинарына қатысып, керемет әсер алып қайттық, - дейді республикалық сайыстың жүлдегері Айбат Оразғали.
Ендеше, жерлес педагогтың айтулы жеңісі құтты болсын!
Дулат БЕРІКҰЛЫ




