Құлсары қаласы, Барлаушы ықшам ауданында жүріп жатқан «Барлау бұрғылау» саябағының құрылысы 90% - ға аяқталып, сәуір айында пайдалануға беріледі. Жаңа нысан қаланың көркін айшықтап, халықтың сүйікті демалыс орнына айналмақ, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жобаны жүзеге асырып жатқан мердігер мекеме – «Капрем СНИБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Нысанда 35 жұмысшы мен 7 арнайы техника жұмылдырылған. Мердігер мекеме басшысы Қайыржан Құрманбаевтың айтуынша, абаттандыру жұмыстарының негізгі кезеңдері аяқталуға жақын.
– Саябақ аумағына төсемтастар төселіп, тұрғындардың демалуына арналған заманауи орындықтар орнатылды. Орталық алаңға сәндік мүсін қойылып, мұнай саласының символы саналатын бұрғылау мұнарасын орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар саябақ толықтай жарықтандыру жүйесімен қамтылды, – деді ол.

Құлсары қаласы әкімі Қадыржан Адинов, жаңа саябақта тұрғындардың жайлы демалысы үшін барлық жағдай жасалатынын айтты. Мұнда серуендеуге арналған жаяу жүргінші жолдары, демалыс аймақтары мен ашық аспан астындағы қоғамдық кеңістіктер қарастырылған. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.


