Қызылқоға ауданына қарасты Ойылдық ауылдық округіндегі Жасқайрат ауылында көптен күткен жол құрылысы қарқын алды. 2025 жылдың көктем айларында басталған жоба аясында ауылдағы 13 көшенің 12-сіне асфальт төселмек. Бұл — тұрғындар үшін үлкен жаңалық әрі ауыл инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам.
Жалпы ұзындығы 8,8 шақырымды құрайтын ауылішілік жолдарға қатқыл табанды асфальт жабындысы салынады. Қазір оның 2,6 шақырымына шебень төселіп, дайындық жұмыстары жүргізілген. Құрылыс алаңында 7 техника мен 10 жұмысшы күнделікті еңбек етуде.
Мамандардың айтуынша, жол сапасына ерекше мән берілуде. Әр кезең белгіленген талаптарға сай жүзеге асырылып жатыр. Жауапты мекемелер барлық жұмысты жыл соңына дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр.
Ауқымды жобаны жүзеге асырып жатқан мердігер мекеме — «Атырау Көлік» ЖШС. Ал тапсырыс беруші — Қызылқоға аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі.
Жаңарған жолдар ауыл тұрғындарының қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, елді мекеннің келбетін де жақсарта түспек. Халық игілігіне бағытталған бұл жұмыс — ауылдың өркендеуіне жасалған нақты қолдаудың көрінісі.
Хұсни Хамза


