Жангелдин ауылдық округінде осы уақытқа балаларға арналған үйірмелер мектептің бір кабинетінде ғана өткізіліп келген. Ескі мәдениет үйінің жағдайы талапқа сай болмағандықтан, балаларға мәдени-шығармашылық бағыттағы білім беру мүмкіндігі шектеулі еді. Соның салдарынан кейбір үйірмелер уақытша басқа орындарға ауыстырылған болатын. Енді осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында және ауылдың мәдени өмірін жандандыруға жаңа мәдениет үйінің құрылысы басталды.
300 орындық жаңа мәдениет үйінің құрылысы биыл басталып, келер жылдың қаңтар айында аяқталады деп жоспарланған. Қазір нысанда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жобаны мердігер мекеме – «ГТЭС Строй» ЖШС жүзеге асыруда. Жаңа ғимарат заманауи талаптарға сай салынып, үйірмелерге арналған кабинеттер саны көбейіп, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілетін болады.
Қазіргі ескі мәдениет үйінде 13 қызметкер еңбек етуде. Жаңа нысан іске қосылғаннан кейін олар толықтай жаңа ғимаратқа көшіріледі. Сонымен қатар қосымша қызметкерлер – күзетшілер мен тазалықшылар қабылданып, мекеменің жұмыс күші кеңейтілмек.
Жаңа мәдениет үйі ауыл жастарының шығармашылық әлеуетін дамытуға, жандандыруға және үйірмелердің сапасын арттыруға жол ашады деп күтілуде.
Хұсни ХАМЗА


