Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

ЖАНДЫ ЖАДЫРАТҚАН «ЖАЙДАРМАН»

Дүйсенбі күні «Арман» мәдениет үйінде аймақтық «Жайдарман» көңілді тапқырлар ойыны болып өтті. Аудан әкімінің кубогы сарапқа салынған бұл думанды додада барлығы 11 команда бақ сынады.

Уақыттың жай басталғанына қарамастан, күлкі мен шеберлікті серік еткен сайыскерлер әзіл мен әдемі ойдың үйлесімін көрсетіп, сахна сәнін аша білді. Жайдарманға қатысқан командалар қатарында «Байғанин», «Ембі», «Sweet» (үшеуі де Ақтөбе облысы), «Авангард», «Q-eli», «Еркінқала» (үшеуі де Атырау қаласы), «Доссор құрамасы» (Мақат ауданы), «Әжесінің балалары» (Исатай ауданы), «Біз жанбасақ лапылдап...» (Құлсары қаласы), «Қаратөбе» (Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы) және аудан намысын қорғаған «Шүкір» командалары бар. Әзіл мен ұтымды ойға құрылған қойылымдар зал толы көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, ерекше әсер қалдырды.

 - Жастар — еліміздің ертеңі. Осындай тапқыр, ойлы, өнерлі ұл-қыздарымыздың бар екеніне куә болып отырғанымызға өте қуаныштымыз. Жайдарман — тек күлкі емес, ұлттың рухани, мәдени өсуінің көрінісі. Бұл — еркін ойлау, ел болашағын қалжыңмен қаузай отырып жеткізе білудің мектебі. Сахнада сөз сөйлеген әрбір жастың жүрегінен шыққан әзілі мен тұжырымында терең мағына жатыр. Барлық қатысушы командаға алғыс айтамын, биік белестерден көріне беріңіздер! — деді шара соңында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев.

Салтанатты марапаттау рәсімінде қазылар алқасының шешімімен үздік деп танылған командалар марапатталды. Нәтижесінде, «Қаратөбе» командасы І орынды жеңіп алып, аудан әкімінің кубогы мен 400 000 теңгеге ие болды. Ал, «Байғанин» командасы ІІ орынды иеленіп, 200 000 теңгені қанжығаларына байласа, «Шүкір» командасы ІІІ орынды иемденіп, 100 000 теңгеге қол жеткізді. Сондай-ақ, ақтөбелік «Sweet» қыздар командасының ойыншысы Карина Айбекова "Үздік ойыншы" атанды. Кеш соңында барлық қатысушыға естелік диплом мен алғыс хат табысталды.

Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT