«Арман» мәдениет үйінде Алғыс айту күніне орай «Алғыс айту - ізгіліктің бастауы» атты мерекелік концерті өтті. Шара ауданда тұратын өзге ұлт өкілдерінің құттықтау және алғыс айту тілектері көрсетілген бейне роликпен басталды.




Бұдан соң «Арман» мәдениет үйі өнерпаздары «Қонақжай қазағым» театрландырылған көрінісін қойды. Онда қазақ жеріне тағдырдың тәлкегімен қоныстанған өзге ұлт өкілдерінің тағдыры, оларға қазақ халқының көрсеткен көмегі мен жасаған қамқорлығы шебер бейнеленіп, әсерлі қойылым көпшіліктің көңілінен шықты. Одан әрі шара шырайын ауданда тұратын өзге ұлт өкілдерінің мерекелік концерті кіргізді. Концертті Раушангүл Стомма «Елге сәлем» әнімен ашса, жасы тоқсанға таяған сағыздық Мария Ревкова белгілі сазгер Әбідғаппар Темірхановтың сүйемелдеуімен «Ана туралы баллада» әнін нақышына келтіре орындады. Сол сияқты шара барысында Бақыт Қойшығали, Арсен Агибалов, Аяжан Қойшығали, Аниса Агибалова, Ясин Руслан, Арман Қойшығалилар ән мен биден шашу шашса, «Арман» мәдениет үйінің өнерпаздары ішінен Зәуре Жұмағалиева, Бисұлтан Мұхтаров, «Жұлдыз-ай, «Ойыл аруы» би ұжымдары да өз өнерлерінен паш етті. Шара соңында сахнаға көтерілген аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев:
– Алғыс айту күні – еліміз үшін аса маңызды күндердің бірі. Себебі, қашаннан пейілі кең, құшағы ашық қазақ халқы басынан талай қиын сәттер өтсе де, өзгеге қол ұшын созып, қамқорлық қылуды әсте ұмытпаған. Оның жарқын дәлелі – ауданымызға келіп қоныстанған өзге ұлт өкілдерінің тағдыры. Олар келген сәтте ауыл тұрғындары өздері тар үйде тұрса да бір бөлмесін босатып беріп, қмқорлығын аямаған. Нәтижесінде келген түрлі ұлт өкілдері аудан халқымен етене араласып, бір отбасының балаларындай тату болды. Өз кезегінде олар да ауданның дамып, өркендеуіне бір кісідей үлес қосып, барлық салада өз қолтаңбаларын қалдырды. Ендеше осынау бірлігіміз бен татулығымыз тұрақты болсын! – деген тілегін білдіріп, концертке қатысқан Ревков, Стомма, Агибаловтар отбасына аудан әкімінің Алғыс хаты мен естелік сыйлық табыс етті.
Дулат БЕРІК



