Миялы ауылында тоғыз отбасы жаңа баспанаға ие болды. Көпбалалы отбасыларға және халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы санатына жататындарға баспана кілті бейсенбі күні салтанатты түрде тапсырылды.
Баспаналы болған тұрғындардың қуанышына ортақ болған аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
Бүгін көтеріңкі көңіл-күйде өздеріңмен кездесіп жатқаныма қуаныштымын. Баспана – әр отбасы үшін ең басты құндылықтардың бірі. Осы орайда бүгін тоғыз отбасы баспанаға ие болуы біз үшін үлкен қуаныш. Мемлекет басшысының халықты баспанамен қамту бағытындағы саясаты облыс әкімінің қолдауымен біздің ауданда да жүйелі түрде жүзеге асып жатыр. Мәселен 2023 жылдан бері ауданда 305 отбасы баспанаға ие болып, қоныс тойын тойлады. Әрине бұл жұмыстар мұнымен шектеліп қалмайды. Алға қарай да аудан тұрғындарының жаңа қонысқа көшуі үшін әріптестеріммен бірге барлық күш-жігерімізді салып, жұмысты одан әрі жалғастыратын боламыз. Бүгінгі күні үй алып жатқан ауылдастарымызға қоныстарыңыз құтты, іші шаттыққа, қуанышқа толып, келесі кезекте тұрған отбасыларға жұғысты болсын, - деген тілегін білдіріп, баспана кілтін салтанатты түрде үй иелеріне табыс етті.
Бұдан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәмен Яқып, жаңа баспананың кілтіне ие болған тұрғындарды құттықтап, батасын берсе, алғаш болып жаңа баспананың кілтін қолына алған көпбалалы ана Айнаш Сембаева:
«Бүгін талай жылдан арман болған баспанаға қолым жетіп, қуаныштан толқып тұрмын. Осындай қуанышқа кенелткен аудан әкімдігіне және «Отбасы банкі» акционерлік қоғамына ризашылығым шексіз. Үй кезегінде тұрған жандардың да осындай жаңа баспанаға ие болуларына тілекшімін» деді.
Шара барысында әжелер шашу шашып, аудан әкімі бастаған қонақтар жаңа қоныс иесі Айнаш Сембаеваның үйіне кіріп, ізгі тілектерін арнаған соң дастарханнан дәм татып, ауыл ақсақалы Сәмен Яқып ақ батасын берді.
Бауыржан САҚТАСЫНОВ



