Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

ТАБИҒАТ АЯСЫНДАҒЫ РУХАНИЯТ

Б.Аманшин атындағы орта мектеп ұжымы оқу жылының қорытындысын ерекше рухани шарамен түйіндеді. Табиғат аясында өткен басқосуда психолог Сейілбек Мырзабайдың «Балалықтан даналыққа» кітабы бойынша оқу конференциясы ұйымдастырылып, кітаптың тәрбиелік және танымдық маңызы жан-жақты талқыланды. Шара аталмыш мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Света Сыдықованың бастамасымен жүзеге асып келе жатқан «Кітап – менің досым» жобасы аясында өтті.

Конференцияға кітапты оқып шыққан 40-қа жуық мұғалім қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар, Атырау қаласынан келген руханият жанашырлары, «Отбасы хрестоматиясы» жобасының өңірдегі өкілі, қиссагер Жанар Мұрадымқызы және кітап оқу бастамаларын қолдап жүрген азамат Роберт Жасталапұлы арнайы қонақ болып, алғашқы бөлімінде «Каникулға кітаппен» ұранымен мектеп оқушыларына арналған кездесу өтті. Жазғы демалыста кітап оқуға ниет білдірген 30 оқушыға «Бейсен және болмыс» кітабы сыйға тартылып, балалар өздері оқыған шығармалар жөнінде әсерлерімен бөлісті.

Конференция барысында қатысушылар қазіргі қоғамдағы бала тәрбиесі, кітап оқудың маңызы, ұлттық және рухани құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру мәселелері жөнінде ой қозғады. «Балалықтан даналыққа» кітабында көтерілген ата-ана жауапкершілігі, тұлға қалыптастыру және рухани тәрбие тақырыптары кеңінен талқыланды. Іс-шараның өтуіне мектеп директоры Зада Жаңабаеваның қолдауы ерекше серпін берді. Табиғат аясында тігілген киіз үйде өткен рухани кездесу қазақтың қонақжайлығы мен ұлттық дәстүрінің жарасымды үлгісін көрсетті. Қонақтар мектеп ұжымының ауызбіршілігіне, кітап оқу мәдениетін дамытудағы еңбегіне жоғары баға беріп, мұндай игі бастамалардың өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтті. Әсіресе, кітапқа қызығушылық танытып, рухани дамуға ұмтылған оқушылардың белсенділігі көпшілікті қуантты, - дейді Б.Аманшин атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Света Сыдықова.

Бүгінде кітап оқу – тек білім алудың ғана емес, тұлғаны қалыптастырудың, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызды құралы. Осы бағыттағы Б.Аманшин атындағы орта мектептің бастамалары аудан көлемінде үлгі боларлық игі істердің бірі екені сөзсіз. Шәкірт тәрбиесі мен рухани құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен осындай игі шаралар жалғасын тауып, кітапсүйер ұрпақтың қатары көбейе берсе керемет емес пе?!

Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT