
Отбасы – қоғамның негізгі тірегі, адам өміріндегі ең маңызды құндылықтардың бірі. Әрбір отбасы мүшесі қауіпсіз әрі тыныш ортада өмір сүруге құқылы. Алайда отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы зорлық-зомбылық тек жәбірленушінің ғана емес, бүкіл қоғамның әлеуметтік мәселесіне айналып отыр.
Зорлық-зомбылықтың кез келген түрі – дене күшін қолдану, психологиялық қысым көрсету, экономикалық тәуелділікке мәжбүрлеу немесе қорқыту – адам құқықтарын өрескел бұзу болып саналады. Мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған заңнамалық шаралар күшейтіліп, құқық қорғау органдары тарапынан кешенді жұмыстар жүргізілуде. Полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтардың жолын кесіп қана қоймай, қауіп-қатердің алдын алу, азаматтарға құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, қорғау нұсқамаларын шығару және жәбірленушілерге қажетті көмек көрсету бағытында тұрақты жұмыс атқаруда.



