Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

ӘН СЫЙЛАҒАН КЕШ

 «Арман» мәдениет үйінде қазақ ән өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі, Мәдениет саласының үздігі, Президент стипендиясының иегері, бард ақын Табылды Досымовтың шәкірті, Қызылқоға топырағынан түлеп ұшқан композитор әрі әнші Есенбай Құлидың «Ай қалқа» атты шығармашылық кеші болып өтті.

Оған Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Отан» орденінің иегері, белгілі ақын Светқали Нұржан қатысып, кеш қонағы болды. Шарада алдымен сөз сөйлеген аудан әкімі Қанат Әзмұханов:

– Бүгін біздің мақтанышымыз Есенбай Құли ағамыз туған жерге келіп, шығармашылық кеш өткізіп, жерлестерімен жүздесіп, пікірлесіп, көтеріңкі көңіл күй сыйлағалы келіп отыр. Сол ізгі ниетіңізге көптен-көп рахмет. Деніңізге саулық, басыңызға амандық тілеймін. Әрқашан да шығармашылығыңыз арта берсін. Бүгінгі кешке Светқали ағамыз да келіп отыр. Аға, өзіңізге де осы бүкіл елдің алғысын жеткізгім келеді. Әрқашан да Қызылқоға жұртшылығы сізді шынайы көңілмен күтетінін өзіңіз білесіз, - деген тілегін білдіріп туған топыраққа ат басын бұрған қос азаматқа Алғыс хат табыстап, қазақы дәстүрмен астарына ат мінгізді.

Кеш барысында сахна төрінде сырлы сұхбат өрбіп, Есенбай Құли мен Светқали Нұржанның шығармашылық жолы, өнердегі ізденістері мен өмірлік ұстанымдары кеңінен әңгіме арқауына айналды. Көрермен қауым қос өнер иесінің естеліктері мен тағылымды ойларын зор қызығушылықпен тыңдады. Сыр-сұхбатта қойылған сұраққа жауап берген Есенбай Құли:

– 1993 жылы Ғаппар Темірхановтың жетекшілігімен төрт жігіт болып, «Наурыз» тобын құрдық. Топтың әншісі болдым. Клавишті синтезатор мен гитарада аянбай дайындалып, меңгеріп алдым. Бірнеше альбом кассетамызды шығарып, атағымыз шықты. Табылды Досымов әндерінің мән-мағынасын ерте түсіндім. «Наурыз» тобындағы әндерімнің көшбасында «Биіктік», «Гурий Назаровқа ашық хат», «Күн астындағы Күнікей қыз», «Сәйгүлік» және тағы да басқа әндері тұрды. Табылды ағамен әр кездесудің өзі бір ғанибет болатын. Ол жаны кіршіксіз таза, жүрегі елжіреген бауырмал еді. Көңілі даладай кең, баладай майса. Өте нәзік сезімтал, білімдар, кең парасаттың иесі. 2008 жылдың сәуір айында Маңғыстауда өткен шығармашылық кешіме қатысып, жан тебіренер тілегін арнады. Әр келген сайын жаңа шыққан әндерін үйретіп, сөзін жазып беріп кететін. Сағат Әбдуғалиевтің сөзіне жазған «Тәтті мұң», Қазыбек Исаның сөзіне жазған «Шыңғырлаудағы шырайлым», Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазған «Кешір мені» әндерінің қолжазбалары менде сақтаулы тұр. Әнін бұзып айтқан әншінің «әкесін» танытып, «емін» беретін. Бұл өте керек қасиет. Тәкеңнің сөйлем соңындағы әуезін бардтық сипатта дірілдете, бунақ-бунақ лекітетіні әнді аша түседі, сонысымен рухты. Әншілер көбіне осыны келтіре алмай, шұнтитып алады. Жүйесі күрделі, сатырлаған жойқын әнді, былайғы әндердей ғып сала алмайсың. Ал, лирикалық әндеріне тұңғиықты жүректің мұңы мен сағынышы, үлбіреген нәзіктігі керек. Бүгінгі кештің «Ай қалқа» аталуының да өзіндік себебі бар. Ақын Светқали Нұржанның «Айқалқа», «Жастықтың жазғы бағы», «Кетті көктем» жырларына саз шығарып, орындап жүрмін. «Ай қалқа» маңғыстаулықтардың сарыарқасы Жем, Сағызға арналады. Өзім бұрыннан да туған жерге ән арнасам деп ойлап жүретінмін. «Ай қалқа атың мәлім Жем, Сағызға, Жем, Сағыз арқау дейді қанша аңызға. Қараойын Маңғыстаудың әнмен арбап, Хат жаздым қырда қалған қалқа қызға» деп келеді. Осы әннің құрметіне қызымның есімінде «Ай қалқа» деп қойдым, -деп ағынан жарылды.

Шығармашылық кеш аясында Есенбай Құли өз репертуарындағы көпшілік сүйіп тыңдайтын әндерін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ән мен әуенге толы кеште аудан өнерпаздары да сазгердің жүрекке жақын шығармаларын нақышына келтіре орындап, мерейтой иесіне құрмет көрсетті. Әсерлі кеш соңында Ғибадат Тұрғали мен Айбол Сағатұлы Есенбай Құлидың жан тебірентер «Ай қалқа» әнін тамылжыта шырқап, көрермен көңіліне ерекше әсер қалдырды. Осындай тағылымға толы тамаша шығармашылық кеш әнші, компазитор Есенбай Құлидың туған жері Сағыз ауылындағы «Шұғыла» мәдениет үйінде де өтіп көрерменге керемет әсер сыйлады.

Бауыржан АМАНҰЛЫ,

Гүлмира МАҚСОТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT