Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

МЕРГЕН АРУЛАР ДОДАСЫ

 Б.Аманшин атындағы орта мектебінде аудандық әдістемелік орталықтың ұйымдастыруымен Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың ерлігін еске алуға арналған оқушылар арасында «Мерген ару – 2026» аудандық біріншілігі болып өтті.

Оған он үш мектептен елу екі мерген, епті де батыл қыздар қатысып, екі кезең бойынша бақ сынады. Бірінші кезеңде пневматикалық мылтықтан атудың «Шынтағымен бағанаға немесе тіреуге сүйеніп, тұрып ату» түрінен сынға түссе, екінші кезеңде пневматикалық мылтықтан атудың «Тіреусіз, тұрып ату» түрі бойынша бақ сынады. Шара басында «Біз, “Мерген ару – 2026” аудандық біріншілігінің қатысушылары, жарыс ережесін сақтауға, адал бәсекеге түсуге және спорттық рухты жоғары ұстауға ант береміз" деген арулардың антынан соң Б.Аманшин атындағы орта мектебінің директоры Зада Жаңабаева сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал аудандық әдістемелік орталықтың әдіскері Айдана Жастілекқызы:

– Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова ерлігі жас ұрпаққа үлгі. Отан үшін жанын қиып, 18 жасында соғысқа аттанып, қан майданда батылдық көрсеткен қазақ қызының ерлігі сол кезеңдегі майдан даласында көпке үлгі болса, қазір тәуелсіз ел ұрпақтарына өнеге, өшпес тарих. Ал бүгінгі байқауға қатысып отырған сіздер дәлдік пен төзімділіктің, батылдық пен сенімділіктің үлгісісіздер, - деді. 

Нәтижесінде, Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары I орынға ие болып, облысқа жолдама алды. Олардың қатарында мергендігі мен шапшаңдығымен көзге түскен Тасшағыл орта мектебінің оқушысы Наргиз Сағымбай да бар. Ал, Қарабау орта мектебінің оқушылары ІІ орынға, Тасшағыл орта мектебінің оқушылары ІІІ орынға ие болып, қатысқан барлық команда алғыс хатпен марапатталды. Осындай шаралар жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен рухани тәрбие сіңіріп, батырлар ерлігін ұмытпауға, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге үлкен үлес қосары сөзсіз.

Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT