Сәрсенбі күні «Арман» мәдениет үйінде мемлекеттік рәміздерді дәріптеу, Конституциялық құндылықтарды насихаттау және жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру мақсатында «Рәміздер рухы – Конституция күші» атты облыстық жастар форумы өтті.
Форумға аудан жастары, қоғамдық ұйым өкілдері, ардагерлер, мемлекеттік қызметшілер мен белсенді азаматтар қатысты. Іс-шара Мемлекеттік Әнұранмен басталып, қатысушылар елдік нышандарға деген құрметін білдірді. Ашылу салтанатында аудан әкімі Қанат Әзмұханов сөз сөйлеп, мемлекеттік рәміздер мен Ата Заңның ел тәуелсіздігін нығайтудағы маңызына тоқталды.
Сондай-ақ, жастар арасында патриоттық тәрбие мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға беріп, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы, аудандық экономика және қаржы бөлімдері, Жангелдин ауылдық округі әкімі аппараты және белсенді жастар, спортшылар, мемлекеттік қызметшілер Бағытжан Нарешов, Айзада Досқали, Бисұлтан Мұхтаров, Махамбет Серікқалиев, Саят Мүтиғолла, Нұрсәт Арманұлы, Рауан Руслан, Құлшарап Дүйсенғали, Ілияс Қамза, Ботагөз Бақтығали, Айымзада Думанқызы, Қайсар Бағыт, Сандуғаш Қазиева, Исламия Жәнібекқызы Алғыс хатпен марапатталды. Одан соң, аудандық мәслихат депутаты Альберт Аққайнанов сахна төріне көтеріліп, аудандық мәслихат төрағасының Алғыс хатын Аманбек Аруов, Заманбек Абзалұлы, Мадияр Асқар, Ислам Жұмақұл, Ернұр Сабет, Тұрар Айболұлы, Ақмарал Жауынбай, Есен Құрмашев, Абдолла Кеңес, Азамат Едгеевтерге табыс етті.
Шара барысында бастауыш сынып оқушылары арасында өткізілген патриоттық сурет байқауының қорытындысы шығарылды. Нәтижесінде, бас жүлдені Миялы балалар өнер мектебінің оқушысы Надия Аққайнанова иеленсе, аудандық оқушылар үйінің оқушысы Сабира Нұрлан І орынды, Миялы балалар өнер мектебінің оқушысы Іңкәр Болатқызы мен Әлихан Рамазан ІІ орынды, Миялы балалар өнер мектебінің оқушысы Нұрай Асқар және аудандық оқушылар үйінің оқушылары Ақтілек Мұхтар мен Айша Абылай ІІІ орынды иеленді. С
Сонымен қатар, байқау қатысқан барлық оқушы Алғыс хатпен марапатталды. Форумның мазмұнды бөлігінде модератор Дулат Губайдуллиннің жүргізуімен арнайы шақырылған спикерлер өз ой-пікірлерімен бөлісті. Атап айтсақ, Атырау облыстық Жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Гүлназ Арыстанова «Патриотизм бүгінгі жастардың көзқарасы» тақырыбында баяндама жасап, қазіргі жастардың қоғамдағы орны мен жауапкершілігіне тоқталды. Ал, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қайраткері, «Елсана» руханият-патриоттық қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлшара Сары «Конституциялық құндылықтар және жас ұрпақ» тақырыбында сөз сөйлеп, заңға құрмет пен ұлттық құндылықтардың сабақтастығы жөнінде ой қозғады. Сондай-ақ, белсенді жас Назымгүл Маратқызы жастардың қоғамдық бастамаларға қатысу тәжірибесімен бөлісті.
Форум соңында «Нұр-Шуақ» бөбекжай-бақшасының бүлдіршіндері жыр-шумақтарын оқыса, Зәуре Жұмағалиева, Хайролла Мадиев, Заманбек Абзалұлы және «Арман» триосы патриоттық әндерді тамылжыта шырқады.
Облыстық жастар форумы жастардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға, мемлекеттік рәміздер мен Конституцияның мән-маңызын терең түсіндіруге бағытталған тағылымды алаңға айналды. Өскелең ұрпақтың ел болашағына деген жауапкершілігін арттыратын мұндай игі шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын тапса нұр үстіне нұр болатыны сөзсіз.
Қызыққа толы «RAMIZDER CUP»
Облыстық жастар форумы «RAMIZDER CUP» quiz ойынына ұласты. «Қызылқоға» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қолға алынған ойын «Ақсайын» мейрамханасында өтті. Оған Сағыз, Тасшағыл, Көздіғара, Ойыл, Миялы ауылдық округтерінен барлығы 8 команда қатысты. Интеллектуалды ойын алты бөлімнен тұрды. Ойын шарты бойынша әр бөлімде алты сұрақтан қойылып, командалар белгіленген уақыт ішінде оның жауаптарын тауып, жауап парағын тапсырып отыру керек. Өз кезегінде ұйымдастырушылар жауап парақтарды тексеріп, нәтижесін ЛЭД экран арқылы командаларға көрсетіп отырды. Нәтижесінде, барлық бөлімде 16 ұпай жинаған «Бөкен би» командасы жеңімпаз атанса, аудан мектептерінен құралған «777» командасы (14 ұпай) екінші орынды, «Лихие 90-е» командасы (14 ұпай) үшінші орынды жеңіп алды. Жеңімпаз-жүлдегер команда диплом, ақшалай сыйлықпен және де қалған қатысушы командалар Алғыс хатпен қаржылай сыйлыққа ие болды.

Ойын соңында қатысушы командалар бұл сайысты ай сайын лига етіп ұйымдастыру туралы бастама көтеріп, алдағы уақытта тұрақты түрде өтіп тұруына тілектестік білдіріп тарқасты.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА



