Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

ҚЫЗЫҚҚА ТОЛЫ «QUIZ QOGA»

Қазіргідей дамыған технология бәрінің жауабын тауып беретін заманда адамның логикалық ойлау қабілетін дамыту аса маңызды дүние. Ол үшін интеллектуалды ойындардың маңызы зор. Соған сай, ауданда ақпан айынан бастап «QUIZ QOGA» жобасы бастау алды.

«Қызылқоға» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қолға алынған бұл жобаның алғашқы маусымашар ойыны «Бақыт» мейрамханасында өтті. Оған Сағыз, Тасшағыл, Көздіғара, Ойыл, Миялы ауылдық округтерінен барлығы 10 команда қатысты. Интеллектуалды ойын «Оңай», «Тақырып», «Күрделі», «Байланыс», «Медиа» және «Тәуекел» деген алты бөлімнен тұрды. Ойын шарты бойынша әр бөлімде алты сұрақтан қойылып, командалар белгіленген уақыт ішінде оның жауаптарын тауып, жауап парағын тапсырып отыру керек. Өз кезегінде ұйымдастырушылар жауап парақтарды тексеріп, нәтижесін ЛЭД экран арқылы командаларға көрсетіп отырды.

Ойынның тартысты өткені сонша әр бөлімде көшбасшылар өзгеріп отырды. Атап айтқанда, бірінші бөлімде «Сағыз БЖСМ» командасы, екінші бөлімде «Кемел Халел» командасы, үшінші бөлімде «Лихие 90-е» командасы өзгелерден көп ұпай жинаса, қалған бөлімдерде Б. Аманшин атындағы орта мектептің «777» командасы мен миялылық «ПМК-907» командасы кезек-кезек жоғары ұпай еншілеп отырды. Дегенмен ойын шарты бойынша жеңімпаз бен жүлдегерлер барлық алты бөлімнің толық ұпайының қорытындысы бойынша анықталды. Нәтижесінде, барлық бөлімде 23 ұпай жинаған «Лихие 90-е» командасы жеңімпаз атанса, Б. Аманшин атындағы орта мектептің «777» командасы (22 ұпай) екінші орынды, «ПМК-907» командасы (21 ұпай) үшінші орынды жеңіп алды. Алғашқы төрт бөлім бойы алда келе жатқан «Сағыз БЖСМ» командасы соңғы екі бөлімде тиісті ұпайларды жинай алмай 20 ұпаймен жүлдеге сәл жетпей қалды. Жеңімпаз-жүлдегер команда диплом, ақшалай сыйлық және ауыспалы кубокпен марапатталды. Ойын соңында қатысушы командалар бұл сайысты ай сайын лига етіп ұйымдастыру туралы бастама көтеріп, алдағы уақытта тұрақты түрде өтіп тұруына тілектестік білдіріп тарқасты.

Дулат БЕРІК

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Референдум 2026

AQPARATPRINT