Атырауда Қазақстанның Кәсіпкерлер күні аталып өтті. Мерекелік жиында өңірдің 100-ден астам кәсіпкері еңбегі мен кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін марапатталды, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Салтанатты іс-шарада Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы 117 кәсіпкерге Алғыс хат табыстады. Сондай-ақ «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының наградалары тапсырылып, бірқатар бизнес өкілі «Іске адалдығы үшін» медалімен марапатталды.


Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі бекіткен «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында «Адал кәсіпкер» номинациясының жеңімпазы анықталды. Бұл марапат «Electrical Service Skills» компаниясының құрылтайшысы әрі басшысы Аян Жәрдемовке берілді. Номинация кәсіпкерлік қызметте заң талаптарын сақтау, ашықтық пен адалдық қағидаттарын дәріптеуге бағытталған.
Марапат иелерінің қатарында әйел кәсіпкерлер, ауыл кәсіпкерлігінің өкілдері, мемлекеттік органдар мен әріптес ұйымдардың қызметкерлері, сондай-ақ аудандық консультанттар бар.
– Биыл Қазақстанның кәсіпкерлік қоғамдастығы бұл мерекені екінші рет атап өтуде. Бұл – бизнестің ел дамуына қосып отырған үлесін мойындаудың көрінісі. Кәсіпкерлер жаңа жұмыс орындарын ашып, отандық өндірісті дамытады, бюджет кірісін қалыптастыруға және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне үлес қосады, – деді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Ермұханов.
Іс-шараны Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы облыстық прокуратураның қолдауымен ұйымдастырды.




