Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында су басу қаупінің алдын алу және жою жөніндегі жедел штаб отырысы өтті. Аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың төрағалығымен өткен жиында екі мәселе қаралды. Бөгеттер биіктетіліп, нығайтылды Алдымен көктемгі су тасқынына дайындық туралы хабарлама жасаған аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы Мақсат Төкеновтің айтуынша, аудан аумағынан ағып өтетін Ноғайты, Сағыз және Ойыл өзені бойында орналасқан барлық елді мекенді көктемгі су тасқынынан қорғау мақсатында тиісті шаралар қабылданды.
Бұл ретте тоғыз ауылдық округтегі 12 елді мекеннің қорғаныш бөгеттерінің (жалпы ұзындығы 51,1 шақырым) 12 шақырымы биіктетіліп, нығайтылды. Алға қарай тоғыз ауылдық округтегі бөгетті бекітуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Қазіргі таңда дайын болған Миялы, Қарабау, Жангелдин, Қаракөл ауылы бөгеттерінің бекітуге жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптаға кіргізілді. Ноғайты өзенінің екі жағалауына (4,7 шақырым) геотекстиль жайылып, геосетка төселіп, бутовый тастармен жабылды. Өзен арнасы 2-2,5 метр тереңдікке дейін тазартылды. «Batys Qazaq Qurylys» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарып жатқан бұл жұмыстың қазіргі таңда 95 пайызы жасалды.
Сондай-ақ Ойыл өзені арнасының 70,3 шақырымы тазартылып, тереңдетілді. Өзеннің тереңдігі екі метр болса, ені 10-20 метр аралығында. Жоба мердігері – «САП-ИН-ВЭСТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Сонымен қатар Сағыз өзенін тазарту жұмысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан шықты. Ауданда жедел ден қою үшін құрамында 136 адам және 62 техника, үш дрон, алты жүзу құралы және 91 су сору құралы бар күштер мен құралдар топтамасы дайындалды. Бұған қоса 60 мың данадан астам қап, 24 уақытша орналастыру пункті, 20 тонна жанар-жағармай қоры дайындалып, тамақтандыруға 13 шарт жасалды.
– «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны көктемгі су тасқыны кезеңіне арналған алдын ала гидрологиялық болжамды ұсынды. Метеорологиялық және гидрологиялық бақылау бекеттерінің деректеріне негізделген болжам бойынша әзірге Қызылқоға ауданы қауіп деңгейі төмен аумаққа жатқызылған. Өйткені өткен күзде облыстың басым бөлігінде топырақ ылғалдылығы қалыпты деңгейден төмен болды. Сондай-ақ қыс мезгілінде де қардың жаууы орташа көрсеткіштен төмен болғандықтан топырақтың қату тереңдігі (тоң) жұқа екендігі анықталып отыр. Алдағы ауа райы жағдайларын ескере отырып қосымша тағы нақтыланады, - деді аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы Мақсат Төкенов.
Хабарламаға орай Мақсот Мұқанов, Хамидолла Әбдірахманов, Табылды Құмарғалиев, Айдын Наурызғалиев, Айжан Ізімовалар жоғарыдан келетін судың көлемін бақылап, нақтылап отыру, «Тамдыкөл» су торабы есіктерін ашып қою, арнаның кейбір бітелген жерлерін ашып, жайылмаға су шығару қажет деген ұсыныс-пікірлерін білдірді. Ұсыныс-пікірді мұқият тыңдаған аудан басшысы Қанат Әзмұханов:
– Күн жылып, қар ери бастағаннан-ақ жоғары жақпен күнбе-күн байланысып, судың деңгейін біліп отырамыз. Бүгінгі «Тамдыкөл» су торабының есіктері ашық тұр. Бұл алдағы уақытта қадағалауда болады. Ойыл өзенін тереңдетіп, тазалағанда жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес арнаның су шығатын жерлерінің барлығы бітелді. Алға қарай сіздермен кеңесе отырып, қажетті жерлерін ашатын боламыз. Қазірден бастап барлық ауылдық округ әкімдері елді мекеннің қорғаныш бөгеттерінің ашық тұрған жерлерін бітеуі тиіс. Дайындық жақсы. Дегенмен әр жерде болмашы кемшіліктер болуы мүмкін. Соны байқасаңыздар міндетті түрде хабарлап отырыңыздар, - деді.
Жұмыс сапалы орындалуы тиіс Ал «Ералы» су торабының көктемгі су тасқынына дайындығы туралы баяндаған «Табиғат» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны Атырау филиалы Қызылқоға өндірістік учаскесінің бастығының міндетін атқарушы Асылхан Абыздың хабарламасынан білгеніміздей, су тасқыны кезінде гидротехникалық құрылыстардың, инфрақұрылымның бұзылуын болдырмау және адам өміріне қауіп туғызбау мақсатында өткен жылы жер телімі алынып, өндірістік база жасақталуда. Арнайы техника мен төтенше жағдайға арналған материалдық қор сақтайтын қоймалар үшін ангар тұрғызылып, өткен жылы бір фермерлік «Уаз» автокөлігі, бір 40 футтық мобильді офистік контейнер, 10 мың дана қап, биыл бір бульдозер, бір тиегіш (погрузчик), бір кран манипулятор, бір дизель генератор алынды.
Су торабының су өткізгіштер (шлюз) аумағында мұз ою жұмыстары жүргізіліп, көтеру механизмдері, есіктері жұмысқа жарамдылығы тексеріліп, сырлау, майлау, әктеу, баптау жұмыстары жасалып, «Ералы» су торабы көктемгі тасқын суды қабылдап өткізуге дайындалды. Тасқын кезінде су торабы аумағына кезекшілік ұйымдастырылып, арнайы техникалар дайын тұрады. «Ералы» су торабындағы гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау жұмыстарын «Торланқұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда. Су торабының сол жағалауындағы бөгет көтеріліп, тығыздалды. Енді тегістеу жұмыстары ғана қалды. Ал оң жағалауындағы бөгетті көтеру жұмыстары толық аяқталған жоқ. Қазіргі таңда «Жаңқабай» және «Қазы» бөгетінің су өткізгіштеріне де монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні су өткізгіштердің табаны бетондалып, 1,5+1,5 метр болатын төртбұрышты темірбетонды су өткізгіштер салынып, аралары бетонмен құйылды. Айналасы топырақ сазбен бекітілді. Өткен жылдары тасқын кезінде өзен суының шектен тыс көтерілуі салдарынан «Кезауыз-Қарабау» каналы бойындағы залал келтірілген гидротехникалық құрылыстарды, каналдың кейбір бөліктерін қайта келтіру мақсатында, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына жергілікті бюджеттен қаражат бөлу жөнінде ұсыныс берілді. Сондай-ақ Қарабау елді мекені тұсындағы гидротехникалық құрылысқа қосымша су құбырын орнату үшін Каспий құбыр желісі консорциумы (КТК) мекемесімен келіссөздер жүргізілуде. Хабарламаға орай сөз алған Хамидолла Әбдірахманов:
«Жаңқабай» мен «Қазы» бөгеті су өткізгіштеріндегі жұмыс сапасыз жасалуда. Өйткені бөгетке салынған су өткізгіш темірбетондардың айналасына тек топырақ төгіп, нығыздағандай болды. Арасында щебень тас араласпағасын ертеңгі күні оны келген су ағызып кетері сөзсіз. Сондықтан бұл жұмыстарды қадағалау қажет» деген ұсыныс айтты
– Әрине бұл жасалып жатқан құрылыс жұмыстардың барлығы аудан халқы үшін. Қай жұмыс та сапалы орындалуымен құнды. Сондықтан бұл жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттамасын алып, мамандармен, қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге сапасын тексертейік. Кемшілік анықталса қалпына келтіртеміз. «Қамданған қапы қалмайды» дегендей көктемгі су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары күн тәртібінен түспейді. Қалай болғанда да келген тасқын суды реттеп, елді мекендерге қауіп төндірмеуіміз қажет. Әйтпесе атқарылған ауқымды жұмыс, оған жұмсалған қыруар қаржы да текке кетпек, - деді штаб отырысын қорытындылаған аудан әкімі Қанат Әзмұханов.
Бауыржан САҚТАСЫНОВ


