Аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың төрағалығымен өткен кезекті әкімдік отырысында І жарты жылдықта бюджет қаржысының игерілуі, «Таза Қазақстан» акциясы бойынша атқарылған жұмыстар мен өткен жылы аудан тұрғындарымен кездескенде айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша аудан әкімінің аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне берілген тапсырмалардың орындалысы қаралды.
Жауапсыз басшы жауапкершілікке тартылады Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша алдымен аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Мәди Ташимовтың хабарламасы тыңдалды. Хабарламадан білгеніміздей, биыл жыл ішінде игерілуі қажет 17 077 513,0 мың теңгенің І жарты жылдықта 41,1 пайызы игерілген. Республикалық бюджеттен алты айда игерілуі тиіс 119 000 мың теңгенің 73 640,7 мың теңгесі (85,5 пайыз) ғана игерілген. Қалған 45 359,3 мың теңгесі «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбыры құрылысы жұмыстарының баяу жүруі, жасалынған жұмыстардың көлемі болмауына байланысты игерілмеген. Ал жергілікті бюджеттегі қалдық 1 147 250,8 мың теңгені құрап отыр. Оның 56 626,8 мың теңгесі аудандық құрылыс бөліміне тиесілі болса, 1 058 952,1 мың теңгесі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінде. Ал қалған қаражат Миялы, Жангелдин, Ойыл, Тайсойған, Сағыз және Мұқыр ауылдық округтерінде.
Бұл өз кезегінде төмен көрсеткіш және аудан бюджетінің көрсеткішіне кері әсерін тигізеді. Осы орайда ІІ жарты жылдыққа жоспарланған қаржыны толық игеру үшін бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері мемлекеттік сатып алу рәсімдерін уақытылы өткізуі, тауарды жеткізу мерзімдерін уақытылы жоспарлауы және осы айдың 20-на дейін аудандық экономика және қаржы бөліміне бюджет қаражатының игерілуі туралы ақпарат беруі тиіс. Сонымен бірге аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі және аудандық құрылыс бөлімі құрылыс жұмыстарының №2 нысанын (жасалған жұмыстар актісін) уақытылы алдын ала талдау жасауы қажет. Егер бюджет қаражатының игерілмеуіне жол берген лауазымды тұлғаларды, оның ішінде бірінші басшыларды тәртіптік жауапкершілікке тарту керек, - деген ұсынысын білдірді аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Мәди Ташимов.
Хабарламаға орай сөз алған аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
Хабарламада айтылған ұсыныстарды қолдаймын. Өйткені қаржыны игеру аудан әкімі орынбасарларының, бөлім басшыларының, округ әкімдерінің тікелей міндеті. Ал бюджет қаржысының тиімді игерілуі инфрақұрылым сапасын жақсартуға және әлеуметтік міндеттемелерді толық орындауға тікелей әсер етеді. Сондықтан қазына қаражатын игеруде жауапсыздық пен салғырттық танытқан басшы жауапкершілікке тартылады, - деді.
Акция сенбілікпен шектелмейді Бұдан кейін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерсағын Құмаровтың «Таза Қазақстан» акциясы бойынша атқарылған жұмыстары тыңдалды. Әр ауылдық округ бойынша қанша сенбілік өткенін, шығарылған қоқыс көлемін, қатысқан адам саны мен көліктерді тізбектеген хабарламашыға аудан басшысы:
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы тек сенбілікпен шектелмейді. Бұл ұлттың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді тұжырымдама. Ол қоршаған ортаны қорғауды өмір салтына айналдыруды көздейді. Сонымен қатар бастама аясында халықтың экологиялық сауаттылығын арттыруға да мән берілуі қажет. Бұл ретте акция аясында тек сенбілік өткізіп қоймай, басқа да ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Сондықтан бұл баяндама қабылданбайды. Бұл туралы алдағы әкімдік отырысында қайта қаралады. Ол отырысқа іс-шаралар жоспарын жасақтап, нақты ұсыныспен дайындалып келгенің дұрыс, - деді.
Хабарламаға қосымша тазалық бағытында атқарған жұмыстары туралы баяндаған «Қызылқоға Сервис» мекемесінің директоры Нұрлан Тілеулиевтің айтуынша, Миялы ауылындағы қоқыс контейнерлерін тазалап, арнайы орынға апарып төгу жұмыстарына бір арнайы «КамАЗ» көлігі мен екі жұмысшы жұмылдырылып, аптаның дүйсенбі, сейсенбі, бейсенбі, жұма және жексенбі күндері қызмет атқаруда. Бұл ретте қоқыс контейнерлеріне мал өлекселерін, қорасындағы қи-тезектері мен сабандарын және құрылыс материалдарының апарып салу фактілер тыйылмай отыр. Сондай-ақ мекеме қызметкерлері ауылдағы саябақтар, ойын алаңдары мен барлық көшеге және Сағыз ауылына шыға берістегі тас жолдың екі жағын тазалау жұмыстарын жүргізеді. Бұдан бөлек тұрмыстық қалдықтарды төгетін алаңның ішкі және сыртқы беттерін түю жұмыстары әр ай сайын «К-702» және тиегіш (погрузчик) техникасының қатысуымен атқарылып келеді. Миялы ауылдық округі мамандарымен, учаскелік полиция инспекторларымен бірлесе көше тазалығын қадағалау барысында ауласындағы қураған талдарды кесіп, көше бетіне шығарып тастаған, тұрғын үй айналасын дөңгелектермен, қураған ағаш түбірлерімен қоршаған тұрғындарға ауызша ескерту беріліп, олар өз күштерімен қоқыстарын тиісті орынға төкті. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауыл ішінде жасы ұлғайған қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйінің айналасындағы және мекемелер ауласындағы кесілген талдарды тазарту мақсатында кәсіпорын техникалары күл қоқыс алаңдарына тасымалдау жұмыстарын жүргізді. Алдағы уақытта бұрынғы өкпе аурулары ауруханасы аумағындағы қураған, құлаған талдардан тазарту жұмыстары жоспарлануда. Сағыз ауылы бойынша келісім шарт негізінде жеті жұмысшы, штаттық кестеге сай бір жүргізуші мен бір тракторист-машинист лауазымдары қарастырылды. Ауылішілік тазалық жұмыстары күнделікті жүргізіліп, бұл бойынша арнайы чат ашылып жасалған жұмыстар қадағаланып отыр. Аталмыш ауылдың батыс бетінде орналасқан күл-қоқыс алаңын түю жұмыстарына округ теңгеріміндегі бульдозер пайдаланылды. Жалпы Сағыз ауылдық округі бойынша санитарлық тазалық жұмыстары күнделікті жалғасатын болады.
Әрине, жаңадан құрылған мекеме болғандықтан шешімін табуды күтетін мәселелер де бар. Соның бірі – көше тазалығындағы мекеме қызметкерлерін тасымалдайтын «Уаз» көлігі және ауыл көшелерін сыпырып, су шашатын арнайы көлік қажет. Сондай-ақ мекеме кеңсесіне күрделі жөндеу жүргізіліп, қажетті кеңсе жабдықтарымен, жиһаздармен қамтамасыз етілсе деймін. Мекеме гаражының айналасын қоршау, жарықшамдар орнату, күзетшілерге орын дайындау, газ желісін тарту, жылу жүргізу, су құбырын кіргізу жұмыстары да бар. Алайда аталмыш гараж мекеменің теңгерімінде болмағандықтан бұл мәселелер шешімін таппай тұр. Сонымен қатар маман мәселесі де өзекті болып отыр. Сондықтан осы мәселелердің оңтайлы шешілуіне ықпал етсеңіз, - деді.
Хабарламашыны мұқият тыңдаған аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
Аталмыш мәселенің көтерілуі орынды. Дегемен бұл аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі арқылы шешілуі қажет. Мекеменің ашылғанына да бір жыл өтті. Осы уақыт ішінде қарапайым мәселе шешімін таппаса үлкен мәселе қалай шешіледі?! Жұмыстың қорытындысы айтумен немесе хат жіберумен шешілмейді. Сондықтан аудан әкімінің орынбасарына айтылған мәселені зерттеуді тапсырамын. Мекемедегі техникалар кез келген уақытта дайын болуы тиіс, - деді.
Азаматтық бақылауды күшейту керек Үшінші мәселе бойынша хабарлама жасаған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерсағын Құмаровтың мәліметіне сүйенсек, аудан әкімі берген тапсырмалардың біразы орындалса, бірқатары орындалу үстінде екен. Мәселен тұрғындар ұсынысына сәйкес ауылды абаттандыру, тазалықты сақтау, ауылішілік жолдарды күтіп-ұстау мақсатында «Миялы Сервис» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны ашылып, әзірге Сағыз және Миялы ауылдарында жұмыс жасап жатса, Миялы мен Қарабау ауылдарының арасында қоғамдық көлік шықты. Бұдан бөлек Миялы ауылында екі бағытқа, Сағыз ауылында бір бағытқа ауылішілік қоғамдық көлік шығарылды. «Миялы-Атырау» бағытындағы автобусты Индер ауданы арқылы жүргізу үшін жолаушылар тасымалын ұйымдастырушы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ұсыныс берілді. Атырау-Индер аралығында жолға жүріп жатқан жөндеу жұмыстары аяқталған соң аталмыш бағыттағы автобус Индер ауданы арқылы қатынайтын болады. Өткен жылы берілген жалдамалы тұрғын үйлерге түгендеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалану шартын бұзған 62 тұрғын анықталып, оның ішінде келісім шарт бойынша жалдау ақысын төлемеген 60 тұрғынға ескерту берілді. Тексеру барысында үйді жалдап қою фактісі бойынша екі тұрғынға ескерту беріліп, жалдау тоқтатылды. Қоғам өкілдерімен бірлесіп аудан көлемінде жүріп жатқан құрылыс нысандарының сапасына бақылау жүргізілуде. Мұқыр ауылындағы Б.Аманшин атындағы көшеге жол салу жобасы жасақталып, көшеге жарық шамдар орнатылып, ауылдың солтүстік-батыс бетінде ескі ұңғыма (скважина) мал суару үшін аршылып, тазаланды. Қазіргі таңда тұрғындар ұңғыма суын пайдалануда. «Мұқыр-Атырау» бағытына автобус шығару мақсатында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ұсыныс хат жолданды. Сағыз ауылындағы С.Бейбарыс көшесінде орналасқан екі қатарлы тұрғын үйдің тұрғындарын көшіру мақсатында сегіз тұрғын үй сатып алынса, жыл аяғына дейін тоғыз үй сатып алынады. Ноғайты өзеніне көпір салу жұмысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталды, енді сараптамаға кіреді. «Мұқыр-Құлсары» тас жолынан Қоңырауыл елді мекеніне қатқыл табанды жол (грейдер) салу мақсатында «ҚазАвтоЖол» мекемесінен келісім алынып, жол құрылысын бастау үшін қосымша хат жолданды. Кенбай елді мекеніне газ тұрақты беріліп тұрса, ауыз су жақын арада қосылады. Қазіргі таңда Жангелдин ауылішілік жол құрылысының негізі жасалып, енді түйіршікті асфальт жабындысы төселеді. Қоныстану ауылішілік жол құрылысы басталса, ауылдағы Ғ.Мұратбаев көшесіндегі электр бағаналары соттың шешімімен ауылдық округтің теңгеріміне қабылданды. Енді электр бағаналарын жаңғырту үшін округ әкімдігі жобалық-сметалық құжаттама жасақтауы қажет. Суға кеткен тұрғын үй иелеріне берілген үйлердің құжаттары толық жасақталып, үй иелеріне табысталды.
Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында олардың ұсыныстары мен талаптары ерекше маңызға ие. Сондықтан тұрғындар ұсынысы мүмкіндігінше міндетті түрде орындалуы қажет. Ауданда жүріп жатқан құрылыс жұмыстарына азаматтық бақылауды күшейту үшін қоғам белсенділерін, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, басқа да тұрғындарды тарту керек. Сонда құрылыс уақытымен, сапалы салынады әрі сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді. Жалдамалы пәтер үйлері қоғам өкілдерімен бірге тексеріліп, үйді жалдап қою немесе онда тұрмау фактілері анықталған жағдайда үй иелеріне акт жасақталуы тиіс. Егер мұндай жағдай қайталанса сот арқылы берілген үй қайтарылады. Сондай-ақ кейбір бөлім басшылары, округ әкімдері берілген тапсырманы «Хат жолданды, сұраныс жіберілді» деген желеумен уақытылы орындамайды. Бұл немқұрайлылықпен, жауапкершіліктің жоқтығын көрсетеді. Алға қарай оған жол берілмеуі тиіс. Ешкім-ешкіммен санаспай, ауызбіршілікпен жұмыс жасалса ғана жұмысы нәтиже береді, - деген аудан басшысы әкімдік отырысын қорытындылады.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ



