Индер ауданының Бөдене ауылында қайта жаңғыртудан өткен Ардагерлер саябағы салтанатты түрде пайдалануға берілді. Жоба аясында саябақ толық абаттандырылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар апатты деп танылған тұрғын үй сүріліп, оның орны саябақ аумағына қосылып, балалар ойын алаңы салынды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Серік Нсанбаев қатысып, ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, тұрғындарға жайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.
Жаңартылған саябақта балалардың жас ерекшелігіне сай заманауи ойын құрылғылары орнатылған. Сондай-ақ тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуі мен салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау мақсатында воркаут алаңы, волейбол және баскетбол алаңдары салынды. Енді бұл демалыс орны ауыл тұрғындарының серуендеп, спортпен шұғылданатын қолайлы қоғамдық кеңістігіне айналады.




