Атырау қаласына қарасты Еркінқала ауылдық округінде жолды қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба аясында Жастар көшесінен Еркінқала ауылына дейінгі 11,1 шақырым автожолды кеңейту көзделген. Нәтижесінде жол төрт жолақты болады.
Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың мамыр айында басталған. Жобаны толық аяқтау мерзімі - 2027 жылдың қазан айы. Жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қазіргі таңда жолдың 2,2 шақырым бөлігі жабылып, Тайманов мектебі маңы мен Сатыбалдиев көшесі аумағында құрылыс жұмыстары басталған. Бүгінге дейін 3,7 шақырым жолға жаңғырту жұмыстары жүргізіліп үлгерді. Қалған 8 шақырымды 2027 жылға дейін аяқтау жоспарланған.
Жоба аясында жаяу жүргіншілер жолы салынып, жаңа аялдамалар, жол белгілері мен жарық шамдары орнатылады. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігі мен көлік қозғалысының қолайлылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта нысан басында 15 арнайы техника мен 21 жұмысшы еңбек етуде. Биыл жобаға 5 миллиард теңге бөлінсе, жалпы жоба құны 18,9 миллиард теңгені құрайды.
Айта кетейік, құрылыс жұмыстарын «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС мердігер мекемесі жүзеге асыруда.


