Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

ДӘРІГЕР АТЫНДАҒЫ ЖҮЛДЕ

  Дәрігерлер – денсаулық сақтау жолында аянбай еңбек етіп, адам өмірі үшін күресетін мамандық иелері. Олардың күні-түні демей, адам өмірі мен денсаулығы жолында атқарып жүрген жанқиярлық еңбегі қашан да құрметке лайық. Осы орайда медицина қызметкерлері күні қарсаңында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен ардагерлер арасында білікті дәрігер Мұханбетияр Аманғалидың атында бильярдтан аудандық жарыс өтті.

1954 жылы Миялы ауылында дүниеге келген Мұханбетияр Бисұлтанұлы орта мектепті бітірген соң Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. 1977 жылы институтты рентгенолог мамандығы бойынша тәмамдап, бір жыл интернатурадан білім алады да жолдамамен туған жеріне келеді. Еңбек жолын аудандық ауруханада рентгенолог болып бастаған ол кейіннен акушер-гинеколог дәрігер қызметін бірге атқарды. Сол кездегі қиындықтарды еңсере білген жас маман күн-түн демей ауданның шалғай ауылдарына дейін аралап, халыққа қызмет етті, елдің алғысын алды.

Туған жерінде бас дәрігер Бақыт Көбенов, хирург Тайпақ Қарабалин, акушер-гинеколог Әбілмәжін Тілеулиев, терапевт Ахмет Махметкереев сынды білікті дәрігерлермен бірлесе жұмыс істеп, көп нәрсе үйреніп, тәжірибе жинақтаған ол 1986 жылы Ақтөбе қаласына қоныс аударды. Ақтөбе облыстық онкологиялық диспансерге рентгенолог болып жұмысқа орналасып, кейіннен облыстық 600 төсектік туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері, «Денсаулық» жеке меншік клиникасында дәрігер-рентгенолог, облыстық орталық диагностикалық емханада рентгенолог, облыстық клиникалық балалар ауруханасында диагностикалық зерттеу бөлімінің меңгерушісі болып еңбек еткен ол 2023 жылдан бері «Шипагер» жеке меншік клиникасында компьютерлік томография (КТ) және магниттік-резонанстық томографияда (МРТ) радиолог дәрігері қызметін атқарып келеді. 1994-1999 жылдары Ақтөбе қалалық мәслихаты депутаты болып сайланып, өңір халқының әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарға атсалысты. Облысқа танымал дәрігер-терапевт Полина Ашихалиева екеуі ұл мен қыз тәрбиелеп өсірген ұлағатты отбасы. Көп жылғы денсаулық сақтау саласындағы табыстары және қоғамдық жұмыстардағы белсенді еңбегі үшін «Авиццена», «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін», «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» медалімен және облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық медициналық қызметкерлер кәсіподағының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сәндібек Салықов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағидолла Яқып, ауданға танымал кәсіпкер Қайырбек Баймұратов медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, спортшыларға сәттілік тілесе, дәрігер Мұханбетияр Аманғали жарысты ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Тартысты өткен сайыстың нәтижесінде жангелдиндік Руслан Жақсығалиев бірінші орынды жеңіп алса, көздіғаралық Бердеш Мұхамбетов пен ақтөбелік Қайырбек Тоқтаров екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті. Жеңімпаздар-жүлдегерлер ұйымдасырушылар атынан арнайы медаль, дипломмен марапатталып, кәсіпкер Қайырбек Баймұратовтың демеушілігімен барлық жарысқа қатысушылар қаржылай сыйлыққа ие болды.

 Бауыржан ОҚАС

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT